Әлем бойынша коронавирустан 38 мыңнан астам адам көз жұмды

31.03.2020

Әлем бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 800 мыңға жетті. Қауіпті дерттен 38 мыңнан астам адам көз жұмып, Бельгияда алғаш рет 12 жастағы қыз қайтыс болды. Жаһанда 165 мыңдай науқас емделгенімен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемия жуық арада бәсеңдемейтінін хабарлап отыр.

АҚШ-та вирус жұқтырғандар саны 165 мыңға жақындап, Америка науқастар саны бойынша басқа елдердің алдына шықты. Бүгін елде коронавирустан алғашқы әскери қызметкер қайтыс болды.

Испанияда жаңа рекорд. Елде бір тәулікте 849 адам қайтыс болды. Індеттің ілмегіне дәрігерлер де ілігуде. Қауіпті инфекцияны 12 мыңнан астам медицина қызметкері жұқтырған. Бұл – елдегі жалпы науқастардың 14 пайызы.

Ал Түркияда жалпыұлттық акция басталды. Мақсат – вируспен күреске ел болып қаржы жинау. Арнайы қорға түскен ақша негізінен әлеуметтік бағытқа және отандық кәсіпкерлерді қолдауға жұмсалмақ.

Қытай мамандары коронавирус жұқтырған кей адамдарда ауру симптомсыз өтетінін анықтады. Медициналық тексеруден өткен 1541 адамда дерттің еш белгісі байқалмаған. Мұндай науқастар аса қауіпті. Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемді жайлаған пандемия қарқыны жақын арада бәсеңдемейді деп отыр.

Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу