Елдегі 5 әскери клиника карантиндік госпитальге айналмақ

30.03.2020

Әскери дәрігерлер дайындықтан өтіп жатыр. Жоғары басшылықтан пәрмен келсе, Қорғаныс министрлігі дәрігерлер мен мейіргерлердің арнайы тобын бөлуге дайын. Еңбек демалысындағы және іс-сапардағы барлық медицина қызметкері шақыртылды. Елдегі әскери госпитальдердің баршасы коронавирус жұқтырғандарды емдеу үшін қайта жарақталып бітті.

Тапсырма түссе, республикадағы осындай 5 әскери клиника карантиндік госпитальдерге айналады. Бұл мекемелердің бөлмелері жұқпалы ауруларды емдеуге лайықталып бітті. Әскери госпитальде 250 орын дайын тұр. Мұнда инфекция жұқтырғандарды емдеуге және олармен байланыста болғандарды оқшаулауға қажеттінің бәрі бар.

Бұл құрылғылар желдетудің интеллектуалды режимдеріне ие. Айта кетейік, Қорғаныс министрлігі коронавирус індетімен күресте тек, госпитальдерді ұсынумен ғана шектелмек емес. Кез-келген уақытта, кез-келген жерде жұмыс бастап кетуге әзір – әскери дәрігерлер тобы жасақталып бітті. Тек, олар бұйрық күтіп отыр.

Бұл алғашқы лек – керек десеңіз, биологиялық соғыс жағдайында жұмыс істеуге машықтанған, нағыз инфекционист дәрігерлерден құралған. Егер осы мамандардың өзі жеткіліксіз болып жатса, Қорғаныс министрлігі терапевт мейіргерлерді сапқа қосады. Үшінші толқын ретінде, хирург һәм басқа да санаттағы әскери дәрігерлер тартылуы кәдік. Олар қазір резервте тұр. Ол әскери дәрігерлер, қауіпті індетті емдеу әдістерін меңгеріп жатыр. Бұйрық түскен бетте, Қорғаныс министрлігі мыңға тарта маман шығара алады.

Нұрбек БЕКБАУ


Хабарламаларға жазылу