Әлемдік нарықта қара алтын құны құбылған сайын теңге бағамы да өзгеріп тұр. Бүгін Brent маркалы мұнай баррелі 28 доллар болса, айырбас пунктерінде ақш валютасы 448 теңгеден сатылды. Теңгені тұрақтандыру үшін Ұлттық банк бірқатар шешім қабылдады. Бұдан былай квазимемлекеттік сектор субъектілері валюталық түсімдерінің бір бөлігін ішкі нарықта сатуы шарт. Бұл жарғылық капиталында мемлекеттің үлесі 50%-дан асатын экспорттаушы кәсіпорындарға қатысты міндет. Бұған «Самұрық-Қазына» компаниялары да кіреді. Әрі дәл қазіргі төтенше жағдай кезінде әрекет етпек. Бұдан бөлек, Ұлттық Банк шетел валютасымен байланысты алыпсатарлықты азайту үшін жаңа ереже бекітті. Енді заңды тұлғалар сатып алған шетел ақшасын 10 жұмыс күні ішінде көздеген мақсатқа жұмсауы қажет. Егер ақшаны пайдаланбаса, кері ішкі нарыққа сатуы тиіс. Сонымен қатар, заңды тұлға қолма-қол ақшасыз 50 мың доллар немесе одан да көп валюта сатып алуы үшін растау құжаттарын көрсетуі тиіс.
Ақерке БЕКТАС