«Астана» халықаралық қаржы орталығы жаһандық қауымдастық өкілдерін іскерлік қатынас орнатуға шақырады. Орталықтың басқарушысы Қайрат Келімбетов Франкфуртте өтіп жатқан «Еуропа қаржы апталығы» аясында қазақстандық хабты ресми түрде көпшілікке таныстырды. Батыс пен Шығысты жалғайтын керемет мүмкіндік алаңы Еуропа қаржыгерлерін қызықтырып отыр.
Германия - Еуропалық Одақтың экономикалық локомотиві болса, Франкфурт - қарт құрлықтың басты қаржы орталығы. Мұнда 500-ге жуық халықаралық несие-қаржы компанияларының, «Дойче банк», «Коммерцбанк», және «Еуропа орталық банкінің» бас кеңселері орналасқан. «Дойче борзе» қор биржасы да осында. «Астана» халықаралық қаржы орталығының таныстырылымын Франкфуртте өткізудегі мақсат - осы қаржы институттарымен ынтымақты арттырып, тың тәжірибесін игеру.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы Орталық Азияда, Еуразия кеңістігінде әлемдік стандарттарға сай қызмет ететін алғашқы құрылым. Негізгі міндеті - капитал нарығын дамыту, активтерді басқару және Ислам қаржы жүйесін жетілдіру. Ағылшын заңнамасы негізінде жұмыс істейтін хабтың тәуелсіз қаржылық соты, халықаралық инвестициялық арбитражы және қор биржасы бар. Қазақ хабын NASDAQ, Шанхай биржалары қазірден қолдап отыр. Ендігі кезек - Еуропа алыптарында.
Қайрат Келімбетов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:
- Келесі жылдан бастап инвестиция тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізуге кірісеміз. Осы ретте біз үшін Франкфурттың маңызы зор.
«Астана» қаржы орталығы 2025 жылға дейін елге 40 млрд. доллар инвестиция тартуды көздеп отыр. Қазақ экономикасына қаржы құйып, хабтың жұмысына белсене қатысатын шетелдік инвесторлар 50 жылға барлық салықтан босатылады. Мұндай қолайлы жағдай еуропалық қаржыгерлерді қызықтырып отыр.
Питер Тильс, «Deutsche Bank» Орталық және Шығыс Еуропа бойынша басқарушы директоры:
- Бұл орталық Қазақстанның экономикалық дамуын одан сайын күшейтуге септігін тигізеді. Біз орталық ашылғаннан кейін алғашқы транзакцияларды бақылаймыз. Хабпен іскерлік қатынас орнату жөнінде келіссөздер жүргізіп жатырмыз.
Ивес Боуман, швейцариялық кәсіпкер:
- Біз негізінен активтерді басқару және қор нарығын қаржыландырумен айналысамыз. «Астана» қаржы орталығының жұмысына қатысуға ниеттеніп отырмыз. Әсіресе, елдеріңіздегі ұлттық компанияларды жекешелендіру ісіне қатысқымыз келеді.
Алдымен «Эйр Астана» мен «Қазатомөндірісті» жекешелендіру жоспарда бар. Ұлттық компаниялардың құнды қағаздары биржа арқылы саудаланады. Бәсекеде жеке тұлғалар да бағын сынай алады. Осындай артықшылықтарымен өзге орталықтардан ерекшеленетін «Астана» хабының ресми ашылуын енді Еуропа жұрты асыға күтеді.
Нұрсұлу ҚАСЫМ