Коронавирусқа байланысты елдегі қазіргі ахуал қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коронавирусқа байланысты елдегі қазіргі ахуал қандай?

14.03.2020

Коронавирустың кіріспесін былай бастаған дұрыс. Коронавирус Қазақстанда тіркелмей тұрып елдің бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің баспасөз мәслихатында айтқан мына сөзі желіде желдің жылдамдығымен тарап кетті. Сөзбе-сөз: «Біздің болжамымыз бойынша, 11-16 наурыз аралығында бізде коронавирус тіркелуі мүмкін. Бірақ бұл болжам ғана. Бір апта ары, бір апта бері», - деді ол. «Ауласы бірдің ауасы бір» демей ме? Қытай шекарамыз түйісетін ел. Жалпы аспан асты еліне ауру аспаннан түскен жоқ, бірақ түшкірігінің бәрі –экслюзив. Тұмауды құстан бір, шошқадан бір жұқтырды, енді міне, жұмбақ дерт – коронавирус пайда болды. Құдайға шүкір, әзірге еліміз бұл аурудан ада деп жүргенде бұрыс болжам бүйірден бүлк етті. Дүрбелеңнің дүлей дауылы күн өткен сайын күш алды. Бас санитардың бұл сөзін сан-саққа жүгіртіп, жаман ырым шақырды деп айтпағанды айтты желіге желімдей жабысқан жұрт. Тіптен біліп тұрып әдейі жасырды деген дақпыртта шықты. Бірақ ашуға келсе де ашып айтайық, Жандарбек Бекшин ойына келгенді ойланбай сөйледі дей алмаймыз. Өйткені бас санитардың айтқанын арасынан үзіп алмай халыққа толық жеткізсек әңгіме былай болар еді. Бұқарада қазіргідей дүрлікпес еді. Бекшин болжамын былай түйіндеді: «Бірақ бізде ғылыми топ бар, олар вирустың келу қаупін математикалық модельдеу арқылы есептейді. Математикалық модельдеу бойынша біз шеңбердің ортасындамыз, ал шеңбер тарылып келеді. Алдымен вирус Қытайда болды, кейін Иран мен Оңтүстік Корея қосылды. Қазір бізді Еуроодақ елдері қатты алаңдатып отыр. Вирустың келу қаупі бірнеше есеге өсті», - деді. Әне айтқан ақпараты ауадан алынған жоқ. Сондықтан көрші елдегі сырқат туралы өз халқымызға айтарда нақты мәліметке өзіміздің қанығып алғанымыз дұрыс болар. Өйткені қазірдің өзінде түрлі желіде түрлі теріс ақпар құйындай шыр айналып жүр. Қорыта айтқанда, коронасын білмеймін, бірақ, виртуалды вирусты, жалған ақпарды тарата бермейік. Әйтпесе, жүрекке жүк болып кетті.

Назым ҚАЙРАТ

Хабарламаларға жазылу