Шетпе тұрғындары газ толтыру станциясын салуға қарсы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шетпе тұрғындары газ толтыру станциясын салуға қарсы

20.02.2020

Маңғыстауда Шетпе елді мекенінің тұрғындары газ толтыру станциясын салуға қарсы. Ауылдан таяқ тастам жерде орналасқан нысан қараша халықтың өміріне қауіпті деп есептейді олар. Мәселеге жергілікті билік араласты, құрылысты уақытша тоқтатты

Газ толтыру станциясы салынады дегелі шетпеліктерден маза қашты. Онсыз да жылдар бойы карьердің шаңына тұншыққан тұрғындар енді, газдың исіне уланатын болдық деп алаңдайды. Қауіпті нысан дәл іргеде тұрғандықтан апат ошағы таяқ тастам жерде деген көпшілік құрылысты жалғастыруға қарсы.

Газ толтыру станциясының сыйымдылығы 700 куб метр. Сұйытылған мұнай газ осы жерден өңірдің басқа аумақтарына тасымалданады. Мұндай станцияның облыста 5-еуі бар. Бірақ, осы нысанға дәл ауыл іргесінен жер берілгенде тұрғындардың қауіпсіздігі ескерілді ме? Көпшілікті осы сұрақ мазалайды. Қоғамдық тыңдауға газ станциясының қожайындары да шақырылғанмен, мекеме өкілдері төбе көрсетпеді.

Ауыл тұрғындарын алаңдатқан мәселені комиссия жан-жақты зерделемек. Ал тексеру аяқталғанша құрылыс тоқтатылды.

Аягөз ОРАЛБАЙ


Хабарламаларға жазылу