8 және одан да көп баласы бар отбасыларға сараланған жәрдемақы енгізілмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

8 және одан да көп баласы бар отбасыларға сараланған жәрдемақы енгізілмек

17.02.2020
8 және одан да көп баласы бар отбасыларға сараланған жәрдемақы енгізілмек

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілген көпбалалы отбасыларға арналған мемлекеттік жәрдемақыларды 8-ші және одан кейінгі балаға саралау жоспарланып отыр.

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Біржан Нұрымбетов айтты.

Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, 2019 жылдың қорытындысы бойынша 486 мың отбасына немесе 2,4 миллионға жуық адамға АӘК тағайындалды. Жалпы алғанда, АӘК 244,2 млрд теңге сомасында төленді. Сонымен қатар министр 2020 жылдан бастап АӘК-пен қамтамасыз етудің жаңа тәсілдері енгізілгенін және бұл тәсілдердің ашық, әділ екендігін және еңбекке ынталандыруды көздейтінін баса айтты. 

«Көпбалалы отбасыларға табыстарына қарамастан, балалар санына қарай сараланған мөлшерде 42 500-ден 74 400 теңгеге дейін төленетін жәрдемақы енгізілді. Бұл жәрдемақы қазірдің өзінде шамамен 370 мың отбасыға төленді. 2020 жылға осы мақсаттарға бюджетте 177,6 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта жеті баладан ары қарай біркелкі мөлшерде. Сондықтан біз осы мәселені қарастырып, сегізінші және одан кейінгі балаларға да жәрдемақыны сараланған түрде төлеу мәселесін қарастырып жатырмыз. Сонда сегіз балаға 74 000 емес, 85 000, 10 балаға – 106 000, 15 балаға 159 мың теңгеден төленетін болады», - деді Біржан Нұрымбетов.


Хабарламаларға жазылу