Газбен жүретін көліктер енді паркингке кіргізілмейді

14.02.2020

Көлікке газ орнататын жерлердің қызметі қадағаланбайды. Мүлдем. Салдарынан қондырғылардың жарылып өртену фактісі көп. Адам шығыны да бар. Сондықтан Төтенше жағдайлар комитеті ондай автомобильдерге паркингке кіруге шектеу қойып жатыр.

Елімізде 340 мыңнан астам көлік газ қондырғысымен қозғалады. Бірақ оның қайсысы сапалы екенін ешкім дөп басып айта алмайды.

Осындай олқылықтардың арты апатқа соқтырады. Соңғы 4 жылда газ баллоны бар 374 көліктен өрт шықты. 5 адам қайтыс болып, тағы 34-і жарақаттанған. Осыдан кейін Төтенше жағдайлар комитеті газбен жүретін көліктерді жабық автотұраққа қоюға тыйым салды. Бірақ экологтар мұнымен келіспейді. Өйткені, мұндай шектеу экологиялық көліктердің кемуіне әкеп соғатынын айтады.

Қалай дегенмен, Төтенше жағдайлар комитеті газбен жүретін көліктер мен паркингтерге арнайы белгілер әзірлеп жатыр. Оны елемегендер айыппұл арқалайды. Ал сондай көліктің газ балоны жарылып, адам шығыны болса, онда темір тұлпар иесі 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Нысаналы ЫҒЫЛ


Хабарламаларға жазылу