Түркия Сириядағы әскерін күшейтуде

14.02.2020

Түркия Сириядағы әскерін күшейтуді жалғастырып жатыр. Анкара мұндай қадамға өткен аптада түріктің 13 жауынгері мерт болған соң барды. Еске салсақ, олар президент Башар Асад армиясының соққысынан қаза тапқан еді.  

Түркия көрші елдің Идлиб провинциясына мыңдаған жауынгері мен танкілерін және өзге де техникасын енгізді. Сондағы мақсаты – Идлибтің Түркиямен шекаралас бөлігін бақылауда ұстап, онда күрд содырларының қайта бас көтеруіне және жүздеген мың босқынның түрік жеріне өтуіне жол бермеу.

Айта кетсек, Иран мен Ресейдің көмегіне сүйенген Сирия әскері бірнеше айдан бері оппозицияның қолындағы соңғы аймақ – Идлибті алу операциясын жүргізіп жатыр. Соның салдарынан 700 мыңдай бейбіт тұрғын Түркияға шекарасына кеткен. Жалпы алғанда, соғыс жүріп жатқан бұл провинцияда 3 миллиондай адам бар. Ал, Түркия осыған дейін 4 миллионға жуық сириялық босқынды қабылдағаны белгілі.

Арыстан РЫСБЕК


Хабарламаларға жазылу