Қостанай облысына зиянкестермен зақымданған кивидің ірі партиясы жеткізілді

13.02.2020
Қостанай облысына зиянкестермен зақымданған кивидің ірі партиясы жеткізілді

Қостанай облысына 19 тонна карантиндік зиянкестермен (тұт ағашының қалқаншалы сымырымен) зақымданған киви жеткізілді. Бұған «Россельхознадзор» рұқсат берген. 

Ведомствоның хабарлауынша, жемістер Иран Ислам Республикасынан әкелінген. Қазақстан-Ресей шекарасында өнімдерді тексеру барысында «Россельхознадзор» мамандары кивиден тұт ағашының қалқаншалы сымыры барын анықтаған. Кейін Челябі облысаралық зертханасы киви үлгілерін зерттеп, олардан өлі жәндіктердің табылғанын растады. Алайда бұған қарамастан жемістерді Қазақстанға тасымалдауға рұқсат берілген.

«Бұған алаңдауға негіз жоқ. Зиянкестер жемістің сапасына еш әсер етпейді. Адам денсаулығына қауіп төндірмейді. Тек жемісті пайдаланар алдында жақсылап жуу қажет», - деп түсіндірді «Россельхознадзор» мамандары.

Ведомство өкілдері бұған дейін де мұндай жемістердің тасымалданғанын атап өтті. Былтыр өңірге осындай 73 тонна киви жеткізілген.

tobolinfo.kz

Хабарламаларға жазылу