Қаржылық пирамида құрған ұйымның жұмысы тоқтатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаржылық пирамида құрған ұйымның жұмысы тоқтатылды

10.02.2020

Ақтөбеде қаржылық пирамида құрған ұйымның жұмысы тоқтатылды. Бұл іске қатысты Ресейдің екі азаматы қамауға алынған.  

Қаржы ұйымына ақша салып, еселеп пайда табамыз деп алданған ондаған тұрғын бүгін өз уәждерін айтты. Олардың көбі миллиондап несие алған. Тек өздері ғана емес, тума-туыстары да жүз мыңдап ақшаларын әкелген.

Қаржылық ұйым тұрғындарды 300 мың теңгеден салып, үш адам әкелсең, бірден 600 мың береміз деп шақырған. Одан кейін тағы қосымша табыс түседі деп сендірген. Халықтың кейбірі пайда тауып үлгергендерін де жасырмайды. Сондықтан олар компанияға қарсы арыз жазудан бас тартып отыр. Керісінше, оның жұмыс істеуіне мүмкіндік берілсін дейді.

Ал облыстық полиция департаментінің өкілдері компания кеңсесіне тінту жүргізілгенін хабарлады. Құжаттар мен компьютерлер тәркіленген. Әзірге неше адамның ақша салғанын, ұйым қанша қаржы жинап үлгергенін айта алмаймыз дейді. Ал тұрғындар өз ақшаларын қайтару үшін алдымен полицияға арыз жазуы керек.

Жақсыбек КЕМАЛ


Хабарламаларға жазылу