32 мемлекеттік қаржылық ұйымның ісі күмәнді

14.01.2022

Елдегі 32 қаржылық ұйымның ісі күмәнді. Бизнеске қолдау көрсету орнына өздеріне молдау алады. Сарапшылар талдау жасағанда қызметінің көмескі екенін байқаған. Бұдан бөлек банктер де қарыз үстіне қарыз беріп, басты талапты сақтамай отыр. Ол қандай талап. Неге орындалмайды? Нысаналы Ығыл тарқатады.

Тұтынушылық несие кәсіпкерлік несиеден асып кеткен. Халық қит етсе банкке жүгіреді. Бірақ, артынша қайғыға батып отырады. Қазір жұрттың 1 жарым трлн теңге қарызы бар. Қаржы институттары қиналғанға қарамайды. Ал, негізі қарыздық жүктеме коэффициентін қатаң сақтауы қажет. Арнайы агенттік сондай талап қойған. Талабы қағаз жүзінде қалып отыр. Тексеріс жоқ.
Нұржан Бияқаев, банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы:
 Мысалы қолға түсетін жалақы 100 мың теңге делік. Енді несие рәсімдеген кезде ай сайынғы төлеміңіз 50 мың теңгеден аспауы керек. Тағы да қосымша қарыз алынса оның да өтемі жалақының жартысынан көп болмауы тиіс. Бірақ, банк пен микроқаржы ұйымдары талапқа мән бермейді. Олар пайыздық кірісін ғана ойлайды.
Елде 22 банк бар. Барлығының кредиттік қоржыны 17,8 трлн тг. Бұл қарыз ақша. Заңды тұлғалар 7 жарым, ал жеке адамдарға 10,3 трлн теңге берешек. Арадағы айырмашылық айқын. Бірақ, төлем қабілеті төмен адамдарды банкрот деп тануға үкімет 10 жылдан бері асығар емес. Сарапшы мұны лоббистердің үстемдігі деп түсіндіреді. Дегенмен Президент пәрмен берді. Енді бірдеңе деуге дәрмен жоқ. Сондықтан биыл ақпан айында жеке тұлғалардың банкроттығы бойынша заң жобасы енгізілмек.
Нұржан Бияқаев, банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы:
 Бұл заң бізде қабылданбай келеді. Әдейі деп ойлаймын. Себебі, банктер шоғыр-шоғыр тұтынушыларынан айырылады. Ал, егер банкроттық туралы заң қабылданса әр елден тек оңтайлы тұсын алып, бір тұтас мазмұнды құжат жасау қажет. Әбден тәжірибеден өткенін таңдаған дұрыс.
Үңіле берсең түңіле бересің. Тек екінші деңгейлі банктер емес, бизнесті қолдаудың мемлекеттік қаржы институттары да қарпып қалудан қаймықпайды. Қазақстан даму банкі. «Олар жоғары кабинеттерге мүмкіндік алып, өз жобаларын жүзеге асыруда басымдыққа ие болған. Бұл жобаларға мемлекеттің ресурсы бөлінеді»,-деген Президент. Елде ондай 32 қаржылық ұйым бар. Аттары дардай, істері бордай.
Марат Қайырленов, экономист:
Бизнесті қолдаудың осы мемлекеттік институттарына тәртіп орнату керек. Тек Қазақстанның даму банкі емес қой. Тағы «Қаз иновейшн», «Қаз туризм», «Даму» және әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары бар. Олар тиісті деңгейде жұмыс істемей отыр. Бұл үлкен проблема. Ал, адал әрі ашық қызмет етулері үшін цифрлық форматқа көшіру керек.
Мемлекеттің қолдау жүйесі алалаудан тұрады. Қасым-Жомарт Тоқаев ірі құрылымдар үшін достарға – бәрі, қалғандарына – заң бойынша қағидасы қалыптасқанын айтты. Демек, бай-байға, сай-сайға құядыны тиятын кез жетті.

Нысаналы Ығыл

Хабарламаларға жазылу