Коронавирус адамзатқа қайдан келген нәубет? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коронавирус адамзатқа қайдан келген нәубет?

08.02.2020

Дүниеде үні жеткен жерлерге үкім айтатын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бар. Басы ауырып балтыры сыздағандарға, суық тигізіп сұлқ түскендерге көп бас қатыра қоймайды олар, өйткені емі бар. Ал аталған ұйым дабыл қақты ма, онда адамзатқа алапат ауру келді дей беріңіз. Соның айғағы міне, Женевада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 146-шы сессиясы өтті. Мамандар көргенін, көкейге түйгенін айтты. Нәтижесінде алдағы үш айда коронавирусты ауыздықтау үшін 61,5 миллион доллар керегін естідік. Еске салайық, Қытай әлі келмейтін ауруға шалдыққаны туралы ресми мәліметті 2019 жылдың 31 желтоқсанында жайып салды. Содан бергі күрестің, дертпен тірестің салдарын көрдіңіздер. Себебі не десек, бірі жыланды жегендерді айыптады, екінші тарап жарқанатты жазғырды. Осылардың еті коронавирустың ошағы болған Уханьдағы жеті базарда сатылған, екеуінің етін жегендер бірінші дертке душар болды деді. Анығын қазір айтамыз. Аурудың неден шыққанын анықтау, оны қалай тоқтатудың амалына айналмады бұл жолы. Қиналған Қытай тарапы 10 күнде 1000 орындық аурухана салды. Ақпарат құралдары жарыса жазды бұл жолы. Олар ескермеген, ескірмеген бір факт бар. 2003 жылы да Қытайды аты жаман вирус жайлап еді. Кемі 800 адам көз жұмған. Ол кезде де көрші ел санаулы күнде аурухана салып тастаған. Қытайдағы ахуалды қазір сюжетте жіліктеп жеткіземіз, естігеннің есін алатын ақпарат аста-төк. Өзгелерде шошынып қалды, мәселен коронавирус ошағының іргесіндегі Оңтүстік Корея жұрты қазір ауруханаларға аттап баспайды. Барсақ ауру адамдардан вирус жұқтырып аламыз ба деп қорқады. Ол ол ма, тегінде тәулігіне 4,5 миллион адам қатынайтын Сеул метросындағы жолаушылар саны 2 миллионға кеміген. Адамның жаны тәтті. Емге көнбей елді қорқытқан коронавирустың бүгінгі қарқыны, оны ауыздықтауға тырысқан мамандардың жұмысын жіпке тіземіз.

Назым ҚАЙРАТ  


Хабарламаларға жазылу