«Жусан» операциясы Еуропарламентте талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Жусан» операциясы Еуропарламентте талқыланды

05.02.2020

Еліміздің «Жусан» гуманитарлық операциясы Еуропалық парламентте талқыланды. Қазақстанның Бельгиядағы елшілігі мен Еуропарламент бірігіп ұйымдастырған шараға депутаттардан бөлек, Еуропалық комиссия қызметкерлері, сарапшылар, үкіметтік емес ұйым өкілдерімен журналистер қатысты. Азаматтарын от пен оқтың ортасынан құтқарған Қазақстанның тәжірибесі бәріне қызық.

4 кезеңнен тұратын «Жусан» операциясы бойынша Сириядан елге 33 еркек, 156 әйел мен 406 бала қайтарылды.

Азаматтарын лаңкестердің азабынан құтқарып, қақтығыс аймағында мұндай гуманитарлық операцияны жүргізу оңай емес екенін бәрі мойындайды. Еуропарламент депутаттары қазақ үкіметі өз азаматтары үшін тәуекелге бел буып, мамандардың кәсіби шеберлігінің арқасында діттегеніне қол жеткізгенін айтады.

Еліміздің лаңкестікке қарсы орталық штабы жетекшісінің орынбасары Сергей Швейкин жиналғандарға гуманитарлық операцияның қыр-сырын, Шам елінен жеткізілген ана мен баланы қоғамға бейімдеу шаралары жайлы айтып берді. Әлеуметтік желілерде жат ағымды жарнамалайтын заңсыз контенттер бұдан былай бұғатталады. Және «Жусан» операциясы тағы да жалғасады. Себебі қауіпті аймақта әлі де қазақстандықтар бар. Олар да көп ұзамай туған жердің жусанын иіскер деген үмітте, басқосуға жиналғандар.

Нұрсұлу ҚАСЫМ


Хабарламаларға жазылу