Қызылорда облысы Сунақ ата ауылындағы жаңа мектептің қабырғасы жарылып, құрылысы сыр берді. 600 орындық білім ордасы 2013 жылы ғана ел игілігіне берілген. Бірнеше жылдан кейін пайда болған жарықшақтарға тәуелсіз сарапшылар былтыр жіті тексеру жүргізіп, спорт зал мен асхана ғимараты апатты деп танылды.
600 орынға арналған мектепті 2013 жылы «Сарбұлақ» құрылыс компаниясы салған. Қыруар қаржыға тұрғызылған білім ордасы ең құрығанда 10 жылға да жетпей, құрылысы сыр берді. Ал ғимараттың кепілдік мерзімі небәрі екі-ақ жыл. Сондықтан, құзырлы органдар мердігер мекемеге айып таға алмай отыр.
Бір жақ іргесі сөгілген мектепте қазір 400-ге жуық бала білім алуға мәжбүр.
Жалпы аймақта 2013 жылдан бері 50-ге жуық жаңа мектеп ел игілігіне берілді. Бірақ, сол қарқынмен салынған ғимараттардың қазір екеуінен ахау шығып, қайта жаңғыртуды күтіп тұр.
Әділбек СЕРІКҰЛЫ