Президент Қытайда шыққан коронавирусқа қатысты Үкіметке нақты тапсырма берді

26.01.2020

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Қытайда шыққан коронавирустың Қазақстан аумағында таралуына жол бермеу жөнінде нақты ұйымдастыру шараларын қабылдауды тапсырды. Президент бұл туралы Twitter парақшасында жазды. Осы мәселеге қатысты Үкімет басшысы Асқар Мамин шұғыл жиналыс өткізді.

Тиісті ведомство басшылары мәселеге орай алдын алуға қатысты баяндамалар жасады. Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев төрағалық ететін ведомствоаралық комиссия құрылды. Қытаймен көрші елдердің бәрі шекараларын жауып, қауіпсіздіктерін арттырып жатыр. Үкімет басшысы да бірқатар кешенді алдын алу шараларын қабылдауды тапсырды. Ең алдымен, мемлекеттік шекарадан өткізу бекеттерінде, оның ішінде әуе, автокөлік және теміржол көлігі нысандарында санитарлық-эпидемиологиялық және көші-қон бақылауы күшейтіледі. Қытайдан келген барлық адамға тұрғылықты мекенжайы бойынша медициналық бақылау орнатылады. Қытайдан келетін транзиттік жолаушыларға Қазақстан аумағына 72 сағаттық визасыз келу режимі уақытша тоқтатылады. Аталған елге қызметтік іс-сапарлар да шектеледі. «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының қазақстандық бөлігінің жұмысы да уақытша тоқтатылады. Сонымен қатар қажет болған жағдайда Ухандағы студенттеріміз бен азаматтарымызды шұғыл эвакуациялау қамтамасыз етіледі. Сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойнша, Ухань қаласында Қазақстанның 230 студенті оқиды екен. Қазір олардың 98-і аталған қалада. Өзгелері қытайлардың жаңа жылдық демалысына байланысты Қазақстанға немесе басқа да елдерге кетіп қалған. Біз қауіпті қалада қалған студенттердің бірімен байланысқа шығып, қал-жағдайларын сұрадық. Ол аты-жөнін атамауды, түрін көрсетпеуді өтінді.

Қытайдың Ухань қаласында өткен жылдың соңында шыққан аса қауіпті вирус құрбандарының саны 56 адамға жетті. 2019-nCoV деп аталатын коронавирусты екі мыңнан астам адам жұқтырған. Тарау ошағы жан-жануарлар етін сататын базар деп топшыланып отыр. Ал коронавирус жылан етінен тараған деген болжамды вирусология туралы медициналық журнал жариялаған. Зерттеуге Қытайдың вирус тараған аймақтарының ғалымдары қатысқан.

Сонымен 11 миллион халқы бар қала ғана емес, өзге де бірнеше қала карантинге жабылды. АҚШ, Канада, Франция, Таилан, Сингапур мен Оңтүстік Корея елдерінде қауіпті вирус жұқтырғандар анықталды. Ал Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі елімізде коронавирустық инфекция тіркелмегенін ресми түрде мәлімдеді. Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің айтуынша, 6-қаңтар күні еліміздің мемлекеттік Бас санитарлық дәрігерінің қаулысы шыққан. Содан бері халықаралық әуежайлар ғана емес, теміржол вокзалдары, автомобилдік шекара өткелдерінде қауіпсіздік және профилактикалық шаралар күшейтілген. Алматы, Талдықорған, Петропавл қаласы мен Қостанай әуежайында арнайы оқу-жаттығулар өткізілді. Еліміз өңірлеріндегі барлық әуежайларда шаралар және оқу-жаттығу жұмыстары жүргізіліп жатыр.


Хабарламаларға жазылу