Қытайдың интернет дүкендерінен келетін тауарлар қауіпті ме? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қытайдың интернет дүкендерінен келетін тауарлар қауіпті ме?

24.01.2020

Киім-кешек, өндіріс-құралдары, техникалық заттар тағысын тағы. Бүгінде Қытайдан келетін тауардың санында шек жоқ. Көрші елден, әсіресе интернет дүкені арқылы тапсырыс беретін тұтынушылар көбейген. Себебі бағасы қолжетімді. Ал соңғы уақытта таралған короновирус індеті осындай зат арқылы залалын тигізе ме?  

Ақерке Омар Қытайдағы интернет-дүкені арқылы жиі тапсырыс береді. Тауарлар Қазақстанға түрлі қаладан тасымалданады. Оның қатарында екі апта бұрын алған мынадай құлаққап пен сағаты да бар. Енді жұқпалы дерттің кесірінен тапсырыс бермек түгілі, келіп тұрған тауарын алуға да қорқады.

Іргелес елдің интернет саудасы қызған бүгінде. Қазақстаннан да тұтынушы аз емес. Мәселен, почтаға келетін тауардың тең жартысы Қытайдан тасымалданады.

Короновирус жылы жерде өсіп-өнетін індет. Алғашқы белгісі жедел респираторлық ауруға, пневмонияға ұқсайды. Вирус әсіресе, қатты заттан гөрі тағамдарда ұзақ сақталуы мүмкін. Сондықтан да көпшілікті алаңдатқан сауалға еліміздің бас санитары мынадай жауап берді.

Жандарбек Бекшин, Қазақстан Республикасыныңы Бас санитар -дәрігері:

Короновирус 37 градуста сақталады. Сондықтан көріп отырсыздар ол жануарлардың ішінде сақталып жүреді. Көбейеді. Сондықтан сыртқы қоршаған ортада бұл вирус таралмайды. Ол тез жойылады. Сондықтан Ондай қорқыныш жоқ. Бірақ алиэкспреспен тағамдарды алуға болмайды.

Ал қауіпсіздік шараларын толығырақ анықтау үшін қытайдағы ақпарат көздерін шолып көрдік. Мәселен, bj.news.com.cn пошта қызметі күні кеше ғана халықты алаңдатқан сұраққа мынадай мәлімдеме жасаған.

«Уханнан тасымалданатын тауарларға талап қатаң. Пошта тауарларына «екінші реттік дезинфекция» жүргізіледі. Сол үшін де тауар белгіленген уақыттан кеш жеткізілуі мүмкін. Тек тауар емес, тасымалдаған көлік, жеткізуші қызметкер, қолданған құралдардың барлығы де арнайы тексерістен мұқият өтеді».

Соңғы дерекке сай Қазақстанда қауіпті індет тіркелген жоқ. Дегенмен, Денсаулық сақтау министрілігі қазақстандықтарға барынша сақ болуға Қытайға сапарламауға, барған жағдайда жіті тексеруден өтуге кеңес береді.

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу