Елімізде бүгіннен бастап шетелге мал сатуға тыйым салынды. Ауыл шаруашылығы министрлігі осы арқылы ет тапшылығын жойып, шарықтаған бағаны тұрақтандыруды жоспарлап отыр. Өйткені «ет дегенде бет бар ма» дейтін қазақтың тәбетіне қымбатшылық қатты әсер етіп жатыр. Десе де, ірі қара экспортына шектеу қойылғаны сол еді, бұған еліміздің шаруалары жаппай наразылық білдіріп жатыр.
Мал экспортын шектеуга қатысты бастама бұған дейін талай рет көтерілген еді. Өйткені еліміздің төрт түлігі жаппай шетелге сатылып жатқандықтан, ішкі нарықта тапшылық бар. Әрине, сұраныс болса, құнның да шарықтайтыны белгілі. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігі малды шетелге сатуға шектеу қойып, ет бағасын түсірмек.
Мал экспортын шектеудің тағы бір себебі – еліміздегі ет өңдейтін зауыттардың жұмысын жетілдіру. Қазір шұжық шығаратын 15 кәсіпорын жартылай ғана жұмыс істеп тұр. Өйткені шаруалар ірі қарасын отандық кәсіпорындарға емес, шетелге экспорттауға әуес. Себебі онда баға қымбат. Мәселен, былтыр қазақстандық 156 мың ірі қара, 264 мың бас қой шетелге сатылған. Басым бөлі Өзбекстанға жіберіліпті. Бір қызығы, еліміздің зауыттары бос тұрғанда, ала шапандыларға ет сатып, кейін олардан қымбатқа қайта шұжық импорттайды екенбіз.
Ал мал экспортына тыйым салынғаны сол еді, кәсіпкерлер бірден наразылық білдіріп жатыр. Тіпті, еліміздің түкпір –түкпірінен келген шаруа қожалығының иелері, елордада бас қосып, шектеуді алып тастауға өтініш жазды. Айтуларынша, экспортқа шектеу қойылғанымен ет бағасы арзандамайды. Өйткені құнның шарықтауына әсер етіп отырған ол емес екенін айтып отыр.
Тіпті, бұлай жалғаса берсе елімізде мал басы азайып, сала тоқырауға ұшырайтындығын айтады. Десе де, мұны енді уақыт көрсетеді. Ал сиыр мен ешкі, қойды шетелге сатуға қойылған тыйым бүгіннен бастап күшіне енді.
Досжан МАРАТҰЛЫ