Нұр-Ақтөбе шағын ауданынның тұрғындары мектепке зәру - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұр-Ақтөбе шағын ауданынның тұрғындары мектепке зәру

15.01.2020

Мектепке мұқтаж мекен. Ақтөбе қаласына қарасты Нұр Ақтөбе ауданында тұратын он мыңдаған халық бір мектепке қарап отыр. 1200 орындық білім беру мекемесінде қазір 4 мыңға жуық бала білім алып жатыр. Тағы бірі өткен жылдың жазында іске қосылуы тиіс болған. Алайда, құрылыс созылып кетті. Мәселе қалай шешілмек?

Бұл ауданда 50 мыңға жуық халық тұрып жатыр. Алайда, бір мектеп қана бар. Тұрғындар жергілікті билікті әлеуметтік нысандар салуды ұмыт қалдырды деп айыптайды.

Елді мекендегі жалғыз мектеп үш ауысыммен жұмыс істейді. Оқушы сыймағандықтан, тұрғындардың кейбірі балаларын басқа аудандарға тасуға мәжбүр. Олар жергілікті биліктен мектеп мәселесін шешіп беруді талап етіп отыр.

Бұл ауданда екі жыл бұрын басталған 900 орындық тағы бір мектептің құрылысы өткен жазда бітуі тиіс болған. Алайда, жұмыс созылып кетті. Мердігер мекеме өкілдері оның себебі қаржының уақытында бөлінбеуінен дейді. Әрі жылу берілмегендіктен ішкі жұмыстарды жүргізу қиын.

Ал қала билігі жұмыстың созылуын қолайсыз ауа райы мен құрылыс материалдарының болмай қалуымен түсіндіреді. Жуырда ғана бұл ауданда тағы бір мектептің құрылысы басталған.

Қала билігінің жоспары бойынша бұл ауданда болашақта 150-200 мың халық тұруы керек. Демек, тұрғындар мектеп жетіспеушілігі мәселесінен әзір құтыла қоймайтыны анық.

Жақсыбек КЕМАЛ


Хабарламаларға жазылу