Өскемендегі 22-ші шағын ауданының тұрғындары 6 жылдан бері жарыққа зәру - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскемендегі 22-ші шағын ауданының тұрғындары 6 жылдан бері жарыққа зәру

09.06.2020

Былтыр қаражат бөлінгенімен, жұрт әлі қараңғыда отыр. Облыс орталығының дәл іргесіндегі шағын ауданды электр қуатымен қамтуы тиіс мердігер шаруаны аяқсыз қалдырған.  

22-ші шағын ауданның аумағында мұндай шұңқырлар көп. Бұл былтыр орнатыла бастаған электр бағандарының орны. Электр желілерін тарту мәселесін тұрғындар соңғы 5-6 жылдан бері көтеріп келеді. Өткен жылы қала басшысымен кездесіп, жарыққа қарық боламыз деп қуанып қалған еді.

Тап осы ауданға электр желісін тарту үшін 390 миллион теңге бөлінген. Бірақ тендерді ұтып алған мердігер шаруаны аяқтаудың орнына таяуда электр бағандарын қайта қазып алған. Қазір құрылыс бөлімі жауапсыз мердігермен соттасып жатыр.  

Жалпы Өскеменнің дәл іргесіндегі 22-ші шағын аудан осыдан он шақты жыл бұрын бой көтерген. Бұл жерде мемлекеттік тұрғын-үй бағдарламасымен 113 үй де тұрғызылған. Сапасыз салынған 43 үйге ақыры ешкім қоныстанбады.

Берік КӨШЕРБАЙ


Хабарламаларға жазылу