Экология министрлігі Қытай иероглифтері бар көгершіндердің құпиясын ашты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Экология министрлігі Қытай иероглифтері бар көгершіндердің құпиясын ашты

15.01.2020
Экология министрлігі Қытай иероглифтері бар көгершіндердің құпиясын ашты

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ШҚО мен Алматы облысындағы Қытай иероглифтері бар көк кептерлердің қайдан ұшып келгенін түсіндірді. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахметтің айтуынша, өткен жылдың қазан-қараша айларында Катонқарай ауданында құйрығы мен қанатында Қытай жазуы бар көк кептерлер кездесіп, жергілікті жұрттың мазасын қашырған. Олар бұл мәселе бойынша Ұлттық паркке жүгінген.

«Осыдан 4 жыл бұрын Бекалқа ауылының маңында өлі кептер табылған. Құстың сирағынан қара пластик сақина мен алты таңбалы нөмір, смартфонмен табуға болатын голограмманың бары анықталған. Оның да қанатында иероглифтер жазылған. Сол жылы Аққайнар мен Жазабы ауылында да осындай көгершіндер кездесіпті.

Бір қызығы, көгершіндер аулалардағы тауықтарға жем беретін орындарға үнемі ұшып келіп жүрген. Олар адамдардан мүлде қорықпайтын. Біз қытайлық көгершіндерді зерттей бастаған кезде олардың шынымен де маңызды ақпараттың тасымалдаушысы екенін анықтадық. Бірақ олар құпия ақпаратты емес, спорттық сипаттағы жазба. Кейін білгеніміздей, өткен ғасырдың 90-шы жылдары көгершін спорты мен көгершін тотализаторы бизнесі қатты дамып, бұл кәсіп айтарлықтай табыс көзіне айналған. Сондай бизнес дамыған елдің бірі - көршіміз Қытай. Ауқымы жағынан көгершін бизнесі ат жарыстарынан түсетін табыс пен ақшалай ұтыстардан да асып түскен», - деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.



Тоқсаныншы жылдары Қытайда көгершін бизнесі қатты дамып, құс өсірушілер жарысқа бейім кептерлерді жаппай өсіре бастаған. 1984 жылы Қытайда көгершіндер жарысы қауымдастығы құрылып, 1990 жылдан бастап онда кептерлер сайысы өткізіле бастаған. Ал 2000 жылдан бастап Бейжіңде және басқа да ірі қалаларда жоғары жүлде қоры бар «Жарыс көгершіндері клубы» іске қосылады. Бүгін де Қытайда ондаған мың көгершін өсіретін орталықтар жұмыс істеп тұр.

Көгершіндер жарысы көгершіндерді ұстауға және жарыстар өткізуге арналған арнайы құрал-жабдықтар өндірісін ынталандырған. Артынша көгершіндерді жеке таңбалауға арналған сақиналар, микрочиптер, сканерлер, көгершіндерге электронды сканерленген сағаттар және құстардың нақты орналасқан жерін ғарыш арқылы анықтайтын және интернет арқылы тікелей таратуды жүзеге асыратын миниатюралық навигаторлар (GPS) шығарыла бастаған.

Спорттық көгершіндерді арнайы фермалар өсірген. Олардың бірі Үрімжі қаласында орналасқан. Ал сондағы көгершіндер туған мекенінен 700 шақырым жердегі - Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарына дейін ұшып келе бастаған», - деді Сәкен Ділдахмет.

Комитет өкілі Катонқарағайда ұшып жүрген «иероглифті» кептерлердің Қытайдан жеткенін айтады.

Хабарламаларға жазылу