Қазақстанда қасқыр мен шибөрі санын реттеу лимиті бекітілді. Бұл жайында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Facebook-тегі парақшасында жазды.
«Жыл сайын биологиялық дәйектемеге арналған мемлекеттік экологиялық сараптама жасау бойынша Қазақстан Республикасы аумағындағы қасқыр мен шибөрі санын реттеу лимиті бекітіледі. Реттеуге рұқсат беру мемлекеттік қызмет саналады және электронды портал арқылы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясымен көрсетіледі. Әрбір аңшы электронды портал арқылы онлайн өтінім бере алады», - деді ол.
Ал интернет болмаған жағдайда бұл қызметті кез келген Халыққа қызмет көрсету орталығынан алуға болады. Түз тағысын ату үшін рұқсат қағазымен қатар, міндетті түрде аңшының аңшылық билеті және қару ұстауға рұқсаты болуы керек.
«Қасыр мен шибөрі халықтың денсаулығын қорғау, ауыл шаруашылығын және үй жануарларын түрлі аурудан сақтау, қоршаған ортаға шығын келтірмеу мақсаттында санын реттеу үшін атуға рұқсат берілген аңдар тізіміне кіреді. 2020 жылы республика бойынша жалпы 4 824 қасқыр мен 11 733 шибөрі атуға рұқсат беріледі», - деді Сәкен Ділдахмет.