Иран президенті Украина халқына көңіл айтты

12.01.2020

Иә, Тегераннан Киевке ұшып шыққан Украинаның халықаралық әуе желісіне қарайтын жолаушылар ұшағы әуеге көтеріле салып отқа оранып, құлағанында жолаушылар мен экипаж мүшелері – барлығы 176 адам, 7 мемлекеттің азаматтары бір сәтте опат болды.

Басында теракт туралы онша айтылмады. Бірақ аптаның екінші жартысында Канаданың премьер-министрі Джастин Трюдо Иранды айыптады. «Бізде көптеген дерек көздері бойынша ұшақ иран зымыранымен атып түсірілгені туралы дәлел бар. Бұл, қателесіп істелгені болуы мүмкін»,- деп мәлімдеді Трюдо. Одан кейін осыған ұқсас мәлімдемені Ұлыбританының премьер-министрі Борис Джонсон жасады. «Әдейі істемеген шығар»,- деді ол да.

Иран... Иран басында «логикаға сыймайтын вариант» деген, бірақ 3 күннен соң, кеше таңертең мойындады. Қарулы күштерінің бас штабы «Украин ұшағы қателікпен атып түсірілген» деп мәлімдеді. «Өкінішке қарай, отандастарымыз бен шетелдік азаматтар опат болды. Ұшақ Ислам революциясы сақшылар корпусының маңызды нысандарының біріне жақын ұшып, әскерилер оны «жау нысаны» деп ойлап қалған» деген мәлімдемеде.

Бір-ақ сөз: тайталасқан саясаткерлер лас ойындарының соңында қарапайым адамдарды қыра салады. Өздерінің айтуынша, байқамай. Иран Президенті Хасан Роухани Украина президенті Владимир Зеленскийге көңіл айтып, кінәлілердің жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеген.


Хабарламаларға жазылу