Президент Абайдың шығармаларын оқу эстафетасын қайта жалғастыруды ұсынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Абайдың шығармаларын оқу эстафетасын қайта жалғастыруды ұсынды

10.01.2020

Мақалада Президент дүйім ел болып қолға алған Абайдың шығармаларын оқу бойынша эстафетаны да ерекше атап өтті. Өткен жылы жазда ақынның 175 жылдығына орай басталған челленджді Ләйлім есімді мектеп оқушысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзіне жолдаған еді. Мемлекет басшысы талапты да талантты оқушы қыздың өтінішін жерге тастамай, ұлы Абайдың өлеңін оқып берді. Президенттің өзінен қолдау тапқан челленджді көпшілік лезде іліп әкетті. Ал эстафетаны Мемлекет басшысынан қабылдаған әнші Димаш Құдайбергеннің арқасында челлендж әлемдік сипатқа ие болды. Осылайша, бірнеше айда Абай Құнанбаевтың өлеңдері, әндері мен қара сөздерінен үзінділерін еңбектенген баладан бастап еңкейген кәріге дейін, министрлер мен әкім-қара, шетелдік танымал тұлғаларға дейін оқыды.

Эстафета арқасында Абай шығармаларын қазақ қана емес, өзге ел азаматтары да зерделеп шықты. Міне, осы игі істің Президент биыл да жалғасуына үміт білдірді. «Бұл – Абайға деген құрмет әрі ұрпақты тәрбиелеудің тиімді тәсілі. Абай жырларын оқу челленджі биыл, ақын мерейтойы тұсында жаңаша жанданады деп сенемін», - делінген Президент мақаласында.

Альбина ӘШІМ


Хабарламаларға жазылу