Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Төрткүл дүниенің бірқатар елінде ойшылдың құрметіне арнап ескерткіштер ашылды. Есімі көше атауларына берілді. Шығармалары шет тілдеріне аударылды. Бұл ретте, Президент мақаласында Абай мұрасын халықаралық деңгейде танытуды күшейту тапсырылған.
Әлемдік мәдениетте Абайды жоғары дәрежеде таныта алсақ, ұлтымыздың мерейін асқақтата түсетініміз анық. Ал Абай шығармасы әлем тілдеріне барлық бояуы сақтала отырып аударылуы тиіс. Профессор Гүлнәр Сәрсекеева Абайдың 45 қара сөзін француз тіліне тәржімелеген ғалым. Ұлы тұлғаның шығармашылығын шетелде танытып, оны зерттеуде сіңіріп жүрген еңбегі көп.
Абай аты өзге мемлекеттерде тек шығармаларымен ғана таныс емес. Душанбе, Дели, Киевте Абай Құнанбаев көшелері ашылған. 1998 жылы Каирде, 2 жыл өте Берлинде Абай-штрассе ашылды. Сондай-ақ, Ташкент, Бішкек, Баку қалаларында және Түрікменстанда Абай Құнанбаев атындағы көше бар бар. Мажарлардың да Абай Құнанбайұлына деген құрметі ерекше. 2014 жылы Будапештте қазақтың біртуар ұлына арнап ескерткіш орнатылған. Мәскеудегі ескерткіш болса, еліміздің Ресейге тартуы. Бұл үрдістен француздар да қалыс қалмады. Ренн қаласында Абай құрметіне мүсін орнатылды. Тізімде Қытайдың Бейжіңі мен Иранның Тегераны да бар.
Абайды жаһан жұртына лайықты деңгейде таныту, оны жаңа Қазақстанның бренді ретінде кеңінен таныстыру – бүгінгі ұрпақтың қастерлі борышы. Президент мақаласындағы басты ойлардың бірі — осы.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ