Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 28 желтоқсан – жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды. Бүгін – елімізде қаралы күн. Мемлекеттік ту төмен түсіріліп, салтанатты іс-шаралар, телеарналардағы ойын-сауық бағдарламалар тоқтады. Тәуелсіз Қазақстанда аза тұту күні осымен 8-рет жарияланып отыр.
2006 жыл 22 қыркүйек. Қарағанды облысында Ленин атындағы шахтада метан жарылып, 41 адам қаза тапты, 7 адам жараланды.
2008 жылы 14-16 қаңтарда Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі «Абай» шахтасында метан жарылып, 30 адам қаза болды, 14 адам ауыр жараланды.
2010 жыл 16 наурыз. Қызылағаш су қоймасындағы бөген бұзылып, Қызылағаш ауылын су алды, 45 адам қаза тапты.
2012 жыл 5 маусым. «Шығыс» аймақтық шекара қызметі Үшарал отрядының «Арқанкерген» заставасында 14 шекарашы мен бір қорықшы өлтірілген.
2012 жыл 27 желтоқсан. Шымкент маңында Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің ұшағы құлап, борттағы 27 адам түгел қаза тапты.
2013 жыл 31 қаңтар. «Scat» компаниясының «Көкшетау-Алматы» бағытындағы ұшағы Алматы маңындағы Қызылту ауылы маңына құлап, 5 экипаж мүшесі мен 16 жолаушы көз жұмды.
2016 жыл 9 маусым. Ақтөбеде радикалды топ екі қару-жарақ дүкенін тонап, әскери бөлімге шабуылдаған. Атыстан 21 адам мерт болды.
2019 жыл 28 желтоқсан. «Bek Air» компаниясының «Алматы-Нұр-Сұлтан» бағытындағы ұшағы Қызылту ауылы аумағына құлап, 12 адам қаза тапты. 49 адам жарақат алды.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ