Ресейдің «Матч ТВ» телеарнасы өткен жылы көліктің айнасы үшін кісі қолынан қаза тапқан қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен туралы фильмді таныстырды. Туындының авторлары - спорт журналистері Константин Столбовский мен Сергей Райлян.
Фильмде еліміздің жарық жұлдызы туралы естеліктер айтылады. Сондай-ақ спортшының сұхбаттары мен шығармашылығынан сыр шертетін архивтік кадрлар бейнеленген. 50 минуттық туынды 13 тараудан тұрады. Авторлардың айтуынша, 13 саны кездейсоқ емес. Танымал қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы 13 маусымда дүниеге келген, 2013 жылы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды, осы жылы «Денис Тен және оның достары» шоуын бастады, 13-ші нөмірмен Олимпиада тұғырына көтерілді.
Айта кетейік, Денис Тен 2018 жылдың 19 шілдесінде Алматыда қаза тапты. Ол көлігінің айнасын ұрлағандарды тоқтатпақ болғанда сан тұсынан пышақ жарақатын алды.