Ақтөбедегі, Темір жол ауруханасы жабылып 350 медицина қызметкері бір күнде жұмыссыз қалуы мүмкін. Себебі, әкімдік жыл сайын мекемеге бөлінетін мемлекеттік тапсырысты тоқтатқан. Бұл жағдай қала тұрғындарын да алаңдатып отыр. 12 мың халыққа қызмет көрсетіп келген аурухананың жайы не болмақ?
Аурухана қызметкерлерінің жан айқайы бұл. Өйтпеске амалдары жоқ.Бір күнде жұмыссыз қалуы мүмкін. Өңірдегі ең мақтаулы медицина орталығының бірі саналатын орталықта тәжірибелі маман көп. Бірақ олар «Зейнет жасына жақындағанда далада қалғалы тұрмыз», - деп ашынады. Жұмысқа енді орналасқан жас кадрларға тіпті қиын.
Бұл аурухана өткен жылы сенімгерлік басқаруға берілген-ді. Әкімдікпен арадағы келісім бойынша жаңа қожайын үш жыл ішінде нысанды жөндеп, жұмысты жолға қоюы тиіс болған. Компания өкілдері қазірдің өзінде мекемеге миллиондап қаржы құйып, біраз жөндеу жүргізгенін айтып отыр.
«Аурухана жабылады» дегеннен тұрғындар да хабардар. Бүгін олар да келіп, шағымдарын айтты. «Бас ауырып, балтыр сыздай қалса, қаланың басқа шетіне қатынау оңай емес», - дейді.
Ал Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы аурухананың санитарлық талаптарды орындамағанын алға тартады.
Сондықтан бірінші қаңтардан бастап лицензиядан айырмақ.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Ауруханаға наурыз айына дейін науқас қабылдауға тыйым салынған.
Мекеме басшылығы алдағы үш ай ішінде барлық олқылықтарды түзеп үлгеруі тиіс. Әкімдік өкілдері дәрігерлердің ешқайсысы далада қалмайды деп сендіріп отыр.
Жақсыбек КЕМАЛ