Шымкент мұнай өңдеу зауытының өнімдері халықаралық стандартқа сай болмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкент мұнай өңдеу зауытының өнімдері халықаралық стандартқа сай болмақ

19.12.2019

Шымкент мұнай өңдеу зауытын қайта құрылымдау жұмыстары толық аяқталды. Нәтижесінде өндірістен шығатын улы газдың құрамынан күкіртті бөліп алуға мүмкіндік туды. Сондай-ақ зауытқа жанар-жағар май октанын жоғарылататын изомерлеу және дизель отынын гидро тазалаудан өткізетін қондырғылар орнатылды. Озық технологияның арқасында зауыттың барлық өнімдері бұдан былай Еуро-4 және Еуро-5 халықаралық стандартының талаптарына сай болмақ.

Мұнай әртүрлі көмірсутектерінің күрделі қоспаларынан тұрады. Соның бірі — күкірт. Зауытта жаңғырту жұмыстары жүргізілгенге дейін осы улы қалдықтар ауаға тарап келді. Жаңа технология енді бұған жол бермейді.  «Жер үсті» типті жабдықтарды пайдалану нәтижесінде ауаға тарайтын зиянды заттар 9 пайызға дейін азайды. Сондай-ақ жылына 1,5 миллион текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік туды.

Жаңғырту жұмыстарын Қазақстан жағынан «ҚазМұнайГаз», Қытай жағынан СNРС компаниялары бірлесіп жүргізді. Жобаны іске асыруға 1,8 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылды.

Елімізде өндірілетін мұнайдың 3 пайызы бүгінгі таңда Шымкенттегі зауытта өңделеді. Өндірістің жаңаруы нәтижесінде жаңадан 284 жаңа жұмыс орны ашылды. Зауыт жұмысшыларының 98 пайызы жергілікті азаматтар, қалған 2 пайызы шетелден арнайы шақыртылған білікті мамандар.

Ғани ҚАЛМАХАН

Хабарламаларға жазылу