Үздік кәсіпкерлер марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үздік кәсіпкерлер марапатталды

13.12.2019

Бүгін отандық өнеркәсіпті дамытуға атсалысып жүрген үздік кәсіпкерлер анықталды. Жыл қорытындысы бойынша Қазақстан Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы, «Парыз», «Қазақстанның үздік тауары» байқауларының жеңімпаздары марапатталды. Сондай-ақ «Бизнес Кемелділік», «Іскер», «Ұлы дала елі» мен алғаш рет ұйымдастырылған «Алтын Оймақ» дизайнерлердің ұлттық байқауы өз мәресіне жетті. Шарада үздік деп танылғандарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы марапаттады.

Бүгінде Қазақстанда өндірілген өнімдер 120-дан астам елге жеткізіледі. Олардың қатарында Қытай, Орталық Азия және Еуропа нарығы бар. Автомобиль жасау саласындағы өндіріс көлемі де 8 есе артқан. Осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша құрастырылған машиналардың саны 38 мыңнан асып түскендігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Президенттің қолынан «Алтын Сапа» сыйлығының «Үздік индустриялық жоба» арнайы сыйлығы бойынша Қарағанды облысындағы «Бёмер Арматура» марапат алды. «Үздік инновациялық жоба» арнайы сыйлығын да Қызылорда облысындағы «СКЗ-U» компаниясы жеңімпаз болды. «Парыз» байқауының гран-при иегері ретінде «Еуразиялық топ» танылды. Ал «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» аталымында Қызылорда облысындағы «Абзал және К» күріш ақтау зауыты көш бастады.

Президент бүгінгі марапат бизнес өкілдеріне мемлекет тарапынан берілген жоғары баға екенін айтып, жеңімпаздарды құттықтады. Сондай-ақ 2020 жылдан бастап индустрияландырудың үшінші бағдарламасын жүзеге асыруда бұған дейінгі кемшіліктерді қайталамауды ескертті.

Саламат ОМАШ


Хабарламаларға жазылу