Келер ұрпақ шекара дауы деген мәселеге басын ауыртпайды-Н.Назарбаев

12.12.2019

«Келер ұрпақ шекара дауы деген мәселеге басын ауыртпайды. Біз бұл мәселені түбегейлі шештік». Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жас буын өкілдерімен кездесуінде осылай деген. Тәуелсіздік алған сәттен бастап Елбасы елдің шекарасын заңды түрде рәсімдеу үшін көрші елдермен келіссөздер жүргізуді қолға алды. Қазақстан Ресей мен Қытайдың арасында орналасқан. Сондықтан да бұл елдермен шекара сызығын белгілеуге ерекше мән берді.

Шекара – мемлекеттің егемендігін, тұтастығын әйгілейтін нышан. Қазақстан көрші мемлекеттермен шекара мәселесін толық шешкен бірден-бір мемлекет. Мыңдаған шақырым шекараны шегендеу ісі 1992 жылы басталып, 2014 жылы аяқталды. Қытай секілді алыппен арадағы келіссөз оңай болған жоқ. Ақпарат үшін айта кетейік, Қытай 15 елмен көрші. Соның ішінде, тек Қазақ елімен шекараны 100 пайыз тиянақтаған.

Қазақ-Өзбек шекарасын делимитациялау жұмысы екі кезеңді қамтыды. 2001 жылы Елордада Нұрсұлтан Назарбаев пен Ислам Каримов мемлекеттік шекара туралы шарт бекіді. Осы құжат шекара сызығы жалпы ұзындығының 96 пайызын айқындап берді. Ал қалған 4 пайыз жыры 2002 жылы 9 қыркүйекте Астанада толық шешілді.

Қазақстан құрлықта, аспанда, тіпті судағы шекарасын шегендеп алды. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтау жөніндегі мәселеге Ақстау саммитінде нүкте қойылды. Оған «Каспий бестігі» бекіткен конвенция дәлел. Жалпы, Каспий теңізіндегі ең ұзын шегара біздің елге тиесілі. Жағалау сызығының 2340 шақырым немесе 29 пайыз Қазақстанның меншігі.

Ғабит БӨКЕНБАЙ


Хабарламаларға жазылу