Қазақстанда төмен байытылған уран банкі жұмыс істей бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда төмен байытылған уран банкі жұмыс істей бастады

10.12.2019
Шығыс Қазақстанда төмен байытылған уран банкі жұмыс істей бастады. Қазақстан мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік арасындағы келісім бойынша стратегиялық нысан Өскемендегі Үлбі Металлургиялық зауытының аумағында орналасқан. Бүгін мұнда гексафторид түрінде төмен байытылған уранның соңғы партиясы жеткізілді.
Уран банкінің Үлбі металлургиялық зауыттың аумағында орналасуы бекер емес. Бұл кәсіпорындағы мамандардың уран гексафторидімен жұмыс істеу бойынша мол тәжірбиесі және қажетті инфрақұрылым бар. Енді мұнда атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікке тиесілі 90 тоннаға жуық төмен байытылған уран сақталады.
Ядролық отын банкінің жалпы аумағы 900 шаршы метрге жуық. Ғимарат 8 балдық жер сілкінісіне шыдайды және қауіпсіздігі бойынша МАГАТЭ-нің барлық талаптарына сай салынған. Бұл жерге төмен байытылған уранның бірінші партиясы 17-қазанда жеткізілді. Соңғысы бүгін әкелінді.
Уран гексафториді түріндегі төмен байытылған уран – стандартты жеңіл сулы реактор үшін отын дайындауға арналған бастапқы шикізат. Шетелдік сарапшылардың пікірінше, стратегиялық нысанды ел аумағында орналастыру Қазақстан тарапынан ядролық қаруды таратпауға бағытталған батыл қадам. Дәл қазір бұл банктің әлем бойынша баламасы жоқ.
Берік КӨШЕРБАЙ

Хабарламаларға жазылу