Жаңа жылдан бастап жоғары оқу орындарында және колледждерде оқитын студенттердің шәкіртақысы 25 пайызға өседі. Бұл туралы бүгін Жастар жылын қорытындылауға және Еріктілер жылын жариялауға арналған жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.
«Жастар жылында даңғазалықпен емес, нақты іспен айналыстық»,- деді Президент. Мемлекеттік органдар «жалпақ шешейлікке» жол бермей, бірнеше бағытта жұмыла жұмыс істеген. Баспанасыз жастарға үй беріліп, бос жүргендері жұмыспен қамтылып, дипломы жоқтар оқуға жолдама алған.
Жаңадан бизнес бастаған жастардың жөні бөлек, қолда бар кәсібінің көкжиегін кеңейткен жастардың саны 10 мыңға жуықтапты биыл. Соның басым көпшілігі аудан және ауыл тұрғындарының еншісінде екенін еске салды Президент. Мұндай қолдау білікті әрі білімді жастардың ауылға қарай ағылуына, өз орнын тауып еңбек етуіне ерекше әсер етіпті. «Дипломмен ауылға», «Жас кәсіпкер», «Жас маман» «Еңбек» атты мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар ауыл жастарының мүмкіншілігін арттырды. Осы ретте, Мемлекет басшысы өз ісін жетік білетін кәсіби мамандардың жаңа буынын қалыптастыру басты міндет екендігін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев келешегіміздің кепілі саналатын жастар мәселесіне айрықша назар аударып, жан-жақты қолдайтындығын жеткізді. Жастар саясаты туралы кешенді бағдарлама әзірлеу, уақыт талабы екенін айтты. Онда сапалы білім беру, жұмыспен қамту, баспана беру тетіктері жетілдірілмек. Тиімді әрі ашық әлеуметтік мүмкіндіктер көрсетіледі. Жастар мәселесін қамтитын жаңа бағдарлама келер жылы дайындалып, соның негізінде заң жобасы әзірленбек.
Жастар жылындағы атқарылған істерге жан-жақты тоқталған Мемлекет басшысы сөз арасында қуанышты жаңалықтарды да мәлімдеді. Соның бірі шәкіртақы өсімі туралы болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Шәкіртақыны өсіру мәселесі 2016 жылдан бері назардан тыс қалыпты. Сондықтан мен 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бакалавриат, магистратура, доктарантурадағы студенттердің шәкіртақысын 25 пайызға өсіру жөнінде шешім қабылдадым. Жалпы алғанда бұл қолдау 130 мың адамды қамтиды. Дәл осындай қолдауды колледж студенттеріне де көрсетеміз. Жастар жылы жалындаған қыз-жігіттердің үкілі үмітін ақтап, мол мүмкіндіктер берді. Талайдың арманы орындалып, идеялары іске асты. Тек, гранттық жобалар бойынша 2 миллионнан астам жас мемлекеттік қолдауға ие болған. Бұл үрдіс әлі де жалғаса береді.
2020 жыл елімізде «Еріктілер жылы» деп жарияланғаны мәлім. Мемлекет басшысы атаулы жылды айшықты істермен атқаруға шақырды. Ерікті болу еріккеннің ермегіне айналмауы тиіс екенін ескертті. Қоршаған ортаны қорғау, қоғамдық жұмыстарға атсалысу, қарияларға көмек қолын созу, білгеніңмен бөлісу игі іс.
Еріктілер жылында бірнеше бағытта іс-шаралар атқарылады. Атап айтқанда, «Сабақтастық» жобасы балалар үйін қолдауға, «Саулық» жобасы науқастарға жәрдем жасауға, «Таза әлем» жобасы қоршаған ортаны сақтауға, «Асыл мұра» жобасы мәдени-рухани мұраны насихаттауға, «Қамқор» жобасы қарттарға көмек көрсетуге, «Білім» жобасы оқушыларды дамытуға, «Үміт» жобасы екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан жауынгерлер туралы құжаттарды іздеуге арналмақ. Мемлекет басшысы осынау маңызды істі бірлік пен ынтымақта атқаруға шақырды. Сонымен қатар, бүгін Президент Жастар жылында еңбегімен ерекше көзге түскен жастарға мемлекеттік наградалар табыстады.
Президент бүгін жастарға елжандылық тұрғысында көптеген пайдалы кеңестер мен маңызды мәліметтер берді. Әрбір бастамаларына сәттілік тілеп, мемлекеттіктің әлеуетін арттыру жолында аянбай қызмет етуге шақырды. Сонымен қатар, жастар жылының қорытындысына арналған көрмені де аралап шықты. Жүзеге асырған жобаларымен танысты.
Ербол МӘНДІБЕК