Қазақстанда Германиямен байланысты нығайту мақсатында арнайы офистер ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда Германиямен байланысты нығайту мақсатында арнайы офистер ашылады

06.12.2019

Қазақстанда арнайы германиялық офистер ашылады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Берлин Еуразиялық Клубының жиырма сегізінші отырысында мәлімдеді. Бұл офистер қазақтардың неміс инвесторларымен тікелей байланыс орнатып, қос елдің іскерлік әріптестігін жаңа сатыға көтеруге мүмкіндік беруі тиіс. Сондай-ақ Президент Германия кәсіпкерлеріне арнайы экономикалық аймақтарда инфрақұрылымды ұсыну, салықтардан босату сынды қолайлы жағдайлар жасалатынын жеткізді.

Германия — Қазақстанның басты сауда-экономикалық серіктестерінің бірі. Қазірдің өзінде мыңдаған неміс компаниясы қазақ жерінде жұмыс істеп жүр. Ашықтық әрі даму жолын таңдаған Қазақстан алыс-берісті ғана емес, сапалы өнім ұсынатын елдермен бірлесіп, өнеркәсіптік әріптестікті нығайтуға мүдделі. Сондықтан Берлин Еуразиялық клубында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев Германия бизнесмендерін біздің елмен бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Ол үшін қазақтар тарапынан қолайлы әрі ұтымды жағдайлар ұсынып отыр.

Президент арнайы экономикалық аймақтарда неміс бизнесмендерін салықтардан босатып, инфрақұрылымды ұсынып, германиялық жобаларды жеке-жеке қарастыруға әзір екендігін жеткізді. Мұның бәрі іс жүзіне асуы үшін Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярді Қазақстан мен Германияның экономикалық және сауда байланыстары үшін жауапты тұлға ретінде тағайындағандығын айтты.

Kazakh Invest ұлттық компаниясына да міндеттер жүктелді. Президент арнайы офистер ашып, үкіметтің осы салаға жауапты мамандары Германияда білім алуын тапсырды. Ал «Бәйтерек» холдингі мен Қазақстанның даму қорына Қасым-Жомарт Тоқаев неміс инвесторлары үшін арнайы несиелеу бағытын ашуды ұсынды. Кредиттер теңгемен берілуі тиіс. Сондай-ақ «Бәйтерек» холдингі Германия компанияларына Қазақстан арқылы үшінші елдерге экспорт жасау үшін қосымша қолдау көрсетіп, субсидия беру мәселелерін қарастыратындығын айтты.

Өйткені Батыс пен Шығысты байланыстыратын Қазақстанның басты ұтымды тұсы осы. Трансаймақтық бағыттардың жетпіс пайыздан астамы қазақ жері арқылы өтеді. Бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланған абзал. Президент Қытай мен Еуропалық Одақ арасындағы алыс-берістің он пайызы Қазақстан қазынасына түсіп тұруын көздеп отыр. Қазақ делегациясының Германияға сапары барысында 2008-2009 жылдардағы қаржылық түйткілге де нүкте қойылды. Әлемдік дағдарыс кезінде Германияның «Олер Гермес» сақтандыру компаниясы бірнеше жыл бойы экспорттық кредиттерді сақтандырмай келген. Сондықтан көптеген инвесторлар қазақ жеріне қаржы құюға қауіптенген еді.  

Германия тарапынан Қазақстанға құйылып жатқан қаржының аса мол емес екенін немістер де мойындап отыр.

Осылайша, қос ел де іскерлік ынтымақтастықты нығайтуға ынтасын білдірді. Екі тарап үшін тиімді әріптестік қарқынды дамуы үшін Президент капитал, қаржылық қызметтер мен саудаға еркіндік беріліп, барыс-келіс жеңілдеп, қағазбастылық азаяды деп уәде берді.  

Альбина ӘШІМ 


Хабарламаларға жазылу