Президент Германия бизнесмендерімен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Германия бизнесмендерімен кездесті

06.12.2019

Германиялық «Linde AG» компаниясы «Қазмұнайгаз» акционерлік қоғамымен бірлесіп, Жаңаөзенде газ өңдеу зауытын салуы мүмкін. Қазір тараптар жаңа жоба бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл туралы Қазақстан Президентінің Германия бизнес өкілдерімен кездесуінде белгілі болды. Кәсіпорынның атқарушы вице-президенті Кристиан Брух жаңа жобаға сексен миллион еуроға жуық инвестиция салуға дайын екенін жеткізді. Ал «Claas Group» компаниясы Бақылау кеңесінің төрағасы Катрина Клаас-Мюльхойзер Қасым-Жомарт Тоқаевқа қазақстандық компанияларымен бірлесіп, ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін зауыт салу ниетін білдірді. Сондай-ақ Қазақстан Президенті «Schaeffler Group» компаниясының Бас директоры Клаус Розенфельдпен кездесіп, тараптар автомобиль жасау, өнеркәсіп және ғарыш салалары бойынша өндірістік және инвестициялық мүмкіндіктерді талқылады. Ал «Siemens Healthineers» компаниясының Бас директоры Бернд Монтаг Мемлекет басшысына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынатын онкологиялық орталықтың жобасын ұсынды. Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев неміс компаниялары жетекшілерімен бірге өткен іскерлік кешкі асқа қатысты. Бұл кездесуде Президент Германияның бизнес өкілдеріне Қазақстанның инвестициялық ахуалы жөнінде әңгімелеп берді. 

Альбина ӘШІМ


Хабарламаларға жазылу