Президент «Неміс толқыны» телеарнасына сұхбат берді

04.12.2019

5-6 желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Федеративтік Республикасына ресми сапармен барады. Мемлекет басшысы осы маңызды сапардың қарсаңында «Deutsche Welle-ге», яғни қазақшалап айтсақ «Неміс толқыны» атты әйгілі телерадиокомпанияға сұхбат берді. Қасым-Жомарт Тоқаев Ангела Меркельмен жүргізетін алдағы келіссөздер туралы, екіжақты қарым-қатынастың ахуалы жөнінде және екі ел арасындағы байланысты одан әрі дамыту жайлы айтты.

«Германия — Қазақстанның негізгі еуропалық серіктесі. Азия елдерімен жасайтын сауда-саттығының 86 пайызы Қазақстанға тиесілі»,- деді Мемлекет басшысы. Яғни, екі ел арасындағы ымыраластық, ынтымақтастық, түсіністіктің бір айғағы осы. Өзара байланыс ертең жаңа деңгейге көтерілмек.

Президент сапар барысында құны шамамен екі миллиард доллар болатын келісімдер мен меморандумға қол қойылатындығынан үмітті екенін, сондай-ақ неміс инвесторларына оншақты арнайы экономикалық аймағымыздан орын беретінімізді айтты.

Қазақстан мен Германия арасындағы байланыс туралы сұрағына жауап алған шетелдік әріптесіміз, әрмен қарай әңгіменің ауанын біздің елдегі саяси-экономикалық, демократиялық ахуалға бұрды.   

  Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:  

Демократияны дамытуға ұмтыламыз. Айтпақшы, кейбір журналистердің әртүрлі пікірлеріне қарамастан, Қазақстан Республикасында демократия бар. Елімізде біз қолдау көрсетіп отырған 3500-ден астам үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне белгілі журналистер, қоғам қайраткерлері, блогерлер, экономистер енген. Мен олармен үнемі ақылдасып, кеңесіп отырамын.

Сұхбат барысында еліміздегі саяси үдерістерге қатысты бірнеше сұрақ қойылды. Соның бірі партиялардың салмағы мен рөлі тұрғысында болды. Мемлекет басшысы елдегі ахуалды егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.  

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы мемлекеттік деңгейде қабылданып жатқан түрлі шешімдерге қатысты сұрақтарға да жауап берді. Соның бірі Латын қарпіне көшу мәселесі. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеде ешқандай асығыстыққа жол бермей, тиімді шешім қабылдау керектігін айтты.

«Неміс толқыны» атты атақты ақпарат құралы бірнеше тілде әлемнің көптеген еліне жаңалық таратады. Жаһандық деңгейдегі аудитория саны 200 миллионға жуықтайды. Қазақ басшысының Германияға сапары алдындағы сұхбатын қазірдің өзінде отандық және шетелдік ақпарат құралдары жариялап жатыр.

Ербол МӘНДІБЕК


Хабарламаларға жазылу