Жақсы ауылының тұрғындары марганец кен орнының ашылуына қарсы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жақсы ауылының тұрғындары марганец кен орнының ашылуына қарсы

08.11.2019

Ақмола облысындағы Жақсы ауылының тұрғындары елді мекен жанынан марганец кен орнының ашылуына қарсы. Ауыл азаматтары руданы игеру экологияға, сәйкесінше адамдардың денсаулығына да зиян деп отыр. Ал кәсіпорын басшылығы төніп тұрған ешқандай қауіп жоқтығын айтты.

Ауыл тұрғындары жаңа өндіріс ошағының ашылуына қарсылық білдіру үшін кәсіпкермен кездесу өткізді. Талап-тілектерін ашық білдірді. Жақсы ауылы — аудан орталығы. 5 мыңнан астам тұрғыны бар. Марганец кен орны осы елді мекеннен 2 шақырым қашықтықта ашылмақ. Ауыл халқының айтуынша, кәсіпорынның қоршаған ортаға келтіретін зияны көп. Сондықтан зауыттың жұмысына үзілді-кесілді қарсы.

Алма Бралина, Жақсы ауылының тұрғыны:

Біз бұл жобаға қарсымыз. Ғаламторды ашып қарасаңыз, марганецтің барлық зияны жазылған. Ал бізге мына жерге келіп, «ешқандай кері әсері болмайды» дейді. Сенбейміз, әрине. Балаларымыз бар, туыстарымыз бар олардың және өзіміздің денсаулығымызға алаңдаймыз. Көріп тұрсыңыздар ғой, халық қарсы. Бәрі осында келіп ойын білдіруде.

Марганец қорын барлау жұмыстары бірнеше жыл бұрын жүргізілген. Мамандардың пайымынша, кен орнында 2 миллион тоннадан астам пайдалы қазба бар. Оны игеру үшін шамамен 5 жыл кетеді. Кейін карьерді жабу жоспарланған.

Айбек Жұмабаев, кәсіпорын өкілі:

Бұл кен орнын біз мемлекеттен сатып алдық. «Самұрық-Қазына» холдингінен сатып алдық. Оған зерттеу жұмыстарын бітіріп, одан кейін бізге сатты. Сатып алып, бүкіл экология жағынан, дұрыс жоба жасап, одан кейін, міне халыққа келіп отырмыз. Біздің ойымыз тек қана бір — жұмыс орнын беру, осы бюджеттке салық төлеу, басқа ойымыз жоқ.

Кәсіпорынның жерді игеруге рұқсат құжаты бар. Алайда тұрғындар Экологиялық реттеу және бақылау комитеті қоғамдық тыңдауды өткізбеді деп мекемені сотқа берді.

Болат Бекараев, Ақмола облысы экология департаменті басшысының орынбасары:

Экологиялық заңнамаға сәйкес барлық құжаттары дұрыс. Экология қаншалықты зиян бар-жоғын айту, ол егер экологиялық заңға және санитарлық нормалардың талаптарына сәйкес жұмыстарын істесе, экологиялық залалдарының болуы екі талай. Нақты қазір айту мүмкін емес.

Тұрғындар кен орнын игеруге рұқсат беретін құжаттардың заңды екеніне күмәнмен қарайды. Сондықтан құзырлы органдардан жағдайдың ақ-қарасын ажыратып, тиісті шешім шығаруды сұрайды.

Ермек ЕЛБЕРГЕН


Хабарламаларға жазылу