Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жұмыс бергенге субсидия төленеді

08.11.2019

Нұр-Сұлтан қаласында биыл 654 мүмкіндігі шектеулі азамат еңбекпен қамтылды. Бұл мемлекеттен берілетін субсидия нәтижесінде жүзеге асырылып отыр. Мүгедектігі бар жандарды жұмысқа қабылдаған кәсіпорындарға арнайы қаражат төленеді. Тек жұмыс беруші есту, көру қабілетінен айырылған, тірек-қимыл аппараты бұзылған азаматтарды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуі керек.

Биыл 777 мүмкіндігі шектеулі азамат еңбек етуге ниет білдіріп, жұмыспен қамту орталығына келіп тіркелген. Соның 654-і қазір еңбек етеді. Азамат Аманғалиев- IT саласының маманы. Өз мамандығы бойынша қаладағы байланыс орталығына орналасты.

Азамат Аманғалиев, 3-топ мүгедегі:

Ақпараттық жүйе, IT саласы мамандарына қазір сұраныс жоғары екенін білемін. Бірақ мүмкіндігі шектеулі жандарды көбі жұмысқа алғысы келмейді. Соны білсем де мен жұмыспен қамту орталығына бардым. Нәтижесінде жұмысқа тұрдым, қуаныштымын. Ең бастысы, ұжымым бар. Айналамдағы адамдармен араласып, қуанып жүрмін.

Ал Қанат Қалиевтің құлағының мүкісі бар. Сондықтан жас жігіт осы уақытқа дейін еш жерде жұмыс істей алмады. Дизайнер маманы болса да, тұрақты кәсіп табылмады.

Қанат Қалиев, 2-топ мүгедегі:

Мен Талдықорғаннан келдім. Жұмыс іздеп шаршағандардың бірімін. Таптым. Қазір тұрақты табысым бар. Сүйікті ісім бар. Енді отбасын құрамын деп ойлаймын.

Қанат еңбек ететін дәмханада өзі секілді 16 адам бар. Яғни мекеме басшысы Азамат бұл асхананы дәл осындай жарымжан жандар үшін арнайы ашқан. Кәсібін кеңейтіп, тағы жұмыс орнын арттыру жоспарында бар.

Азамат Базылов, кәсіпкер:

Тамақты тапсырыспен апарамыз. Сондықтан кісілер заказ берген кезде біреу телефонда отырып, хабарласып, алып отыру керек болады. Жазып, поворларға беріп, соны жүзеге асыру үшін 2 коляскадағы мүгедек жанды алып, екеуі бірін бірі ауыстырып отыру үшін, бірге жұмыс істеуі үшін...

Кез келген кәсіпкер осындай өтінім бере алады. Жұмысқа алынған әрбір мүмкіндігі шектеулі азамат үшін мемлекет субсидия төлейді.

Алтынай Қозыбаева, Қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары:

Арбамен жүретін мүмкіндігі шектеулі азаматтарға 1 орынға 427 мың теңге бөлінген. Нашар еститін азаматтарға -750 мың, нашар көретіндерге -1 миллион 530 мың теңге бөлінген.

Субсидия төлеу 2017 жылы заңдастырылғанымен, оны алып отырғандар әлі аз. Келер жылға 11 жұмыс орны қарастырылып отыр. Бірақ Нұр -Сұлтан қаласы бойынша небәрі 3 мекеме өтінім берген.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу