Беларусь елінде тұратын қазақтардың саны артқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Беларусь елінде тұратын қазақтардың саны артқан

08.11.2019

Осыдан екі жыл бұрын Беларусь Республикасында үш мың қазақ тұрса, қазір қандастарымыздың саны алты мыңнан асып отыр. Басым бөлігі ел астанасы Минскі қаласында тұрады. Дені ІІ Дүниежүзілік соғыстан кейін елге қайтпай, осында қалған майдангерлердің ұрпақтары. Сонымен қатар жұмыс бабымен барғандар, білім қуып, қалып қойғандар да кездеседі. 

Бұл Анархан Сағипова. Ақылына көркі сай қазақтың қызы. Бойжеткен бос уақытында осылай ақындарымыздың шығармаларын шетелдіктерге паш етеді.

Анархан Сағипова, белсенді:

Тілімізді, дінімізді, жалпы ұлттық мәдениетімізді басқа мемлекеттерге көрсету - біздің парызымыз.

Анархан құрбыларымен бірге ұлттық би тобын құрған. Былтыр 140 команда қатысқан өнер бәсекесінде бас жүлдені иеленіпті. Дәстүрлі биімізге қызығушылық танытқан беларусь қыздары көп. Оларға тегін үйретеді.

Диаспора өкілдері арасында ауыл шаруашылығы мамандарымен қоса кәсіпкерлер, әскери сала қызметкерлері,мұғалімдер сондай-ақ ғылым докторлары да бар. Олардың бірлігі бекем, Қазақстаннан келгендерді туғанындай қарсы алады. 

Эмина Сарбаева, Минск қаласының тұрғыны:

Халқымыз бақытты өмір сүрсін, нанымыз көп болсын. Қазақ көбейе берсін!

Қастерлі жұртым деп еміренген ағайын апта сайын өз шағын құрылтайын өткізеді. Ал төрткіл дүниенің төрт бұрышында жүрген қандастардың көп бөлігі Өзбекстан мен Қытайда тұрады.

Индира Бегайдар

Хабарламаларға жазылу