Интернетте терроризм мен діни экстремизмді насихаттаған 13 мың материалға шектеу қойылды. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Қазақстан дінтанушыларының IX форумында мәлімдеді.
Деструктивті діни ағымдармен күреске арналған шарада осы күнге дейін атқарылған жұмыс қорытындыланды. Алдағы уақытқа жоспар құрылды. Бұл бағыттағы жауапты міндет имамдар мен теологтарға жүктеліп отыр. Олар теріс ағымның жетегінде кеткен жандардың әрқайсысымен жеке жұмыс істеп, ақпараттандырып келеді. Соңғы 3 жылда осы мақсатпен 78 мыңға жуық шара ұйымдастырылып, бұл игі істің арқасында 15 млн адам қамтылған екен. Жұмыстың нәтижесі де жоқ емес. Министр адасып, теріс ағымның жетегінде кеткен қазақстандықтардың бірқатары көзқарасын өзгертіп, дәстүрлі дінге оралып жатқанын жеткізді.
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
Дін саласына қатысты салмақты ой, салиқалы тұжырымдамалар өзекті мәселелердің алдын алуға ықпал етеді. Қазақстандағы діни бостандық, рухани даму жолындағы сындарлы саясат еліміздегі ұлтаралық және дінаралық тұрақтылыққа кепіл болады.
Альбина Әшім