Басты Жаңалықтар Балаға дөрекілік танытқан ақтаулық тіс дәрігері жұмыстан шығарылды

Балаға дөрекілік танытқан ақтаулық тіс дәрігері жұмыстан шығарылды

Ақтауда науқас балаға дөрекілік көрсеткен дәрігерге қатысты іс қозғалды. Төлеген Мұхамбетов есімді балалар хирургі тісі ауырып келген 7 жастағы бүлдіршінге өрескел қылық көрсетті деп айыпталып отыр. 

Келеңсіз жағдай облыстық стоматологиялық орталықта болды. Дәрігердің айтуынша, ол баланы тісін жұлуға көндіре алмаған. Бүлдіршінді анасының өтінішімен 3-ші рет қайта қабылдап, тәртіпке салмақ болыпты. Бейнежазбада хирургтың баланы жұлқып, дөрекі іс-әрекет көрсеткені анық байқалады. Осы оқиғадан кейін бүлдіршіннің анасы полицияға шағым түсірді. Сондай-ақ, ол баласының сал ауруына шалдыққанын айтқан. 

Стоматология орталығының басшылығы тентек мінезді маманды сол күні жұмыстан шығарды. Ал жасөспірімге қандай дәрежеде дене жарақаты салынғанын анықтау үшін полиция сот-медициналық сараптама тағайындады. 

Қуат Машырықов, Маңғыстау облыстық стоматология орталығының директоры:

Мықты дәрігер, мақтауға тұрарлық. Бірақ оның мына қылмысын біз ақтап қала алмаймыз. Жұмыстан босатылды.

Қалдымұрат Айғарақов, Ақтау қалалық Полиция басқармасы басшысының бірінші орынбасары:

Баланың денесінде жеңіл жарақат болса, ҚР Әкімшілік кодекстің 73/1 бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартамыз. Денесінде жарақат болмаған жағдайда Осы кодекстің 73/2 бабы бойынша жауапкершілікке тартамыз.

Аягөз Оралбайқызы

Бөлісу