«Сындарлы қоғамдық диалог - ел тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі». Қазақстанның Бельгиядағы елшісі Айгүл Құспан Брюссельде шетелдік журналистер мен еуропалық сарапшыларға арнап баспасөз мәслихатын ұйымдастырды. Басқосуда Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент лауазымындағы 100 күнде атқарған ілкімді істері мен халыққа арналған биылғы Жолдауын баяндап берді.
Айгүл Құспан құжаттағы қоғамның әлуаз топтарын қолдау, жалақыны өсіру, сыбайлас жемқорлықпен күрес, бүлдіршіндерге зорлық-зомбылық көрсеткендерге жазаны күшейту бойынша жүзеге асырылған нақты шараларға тоқталды. Қазақ басшысының азаматтық қоғаммен диалогты дамытуға күш салуын шетелдік журналистер мен сарапшылар жоғары бағалап отыр.
Пьер Боргольц, Орталық Азия бойынша еуропалық сарапшы:
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтің әлжуаз топтарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бағдарламалары - күнкөрісі төмен тұрғындарға үлкен көмек. Президенттің бұқараның талап-тілегіне құлақ түріп, оны шешудің жолдарын қарастыруы керемет механизм. Білімге баса назар аударып, жастардың жұмысқа орналасуына жағдай жасап, экономиканы диверсификациялау, ауыл шаруашылығын дамыту сияқты нақты шаралар атқарылғаны көңіл қуантады.
Айгүл Құспан, ҚР Бельгиядағы төтенше және өкілетті елшісі:
Менің таңқалғаным олар «Сарыарқа»газ құбыры туралы сұрақ қойды. Сосын Қазақстандағы келесі жылы өтетін Дүниежүзілік сауда ұйымының конференциясы туралы сұрақ туындады. Сондықтан менің әріптесім Жанар Айтжанованы Женевадан осында шақыртып, тағы бір баспасөз конференциясын өткізерміз деп ойлаймын.
Нұрсұлу Қасым