Ақтөбеде 31 жастағы жүкті келіншек перзентханада көз жұмды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде 31 жастағы жүкті келіншек перзентханада көз жұмды

24.10.2019

Ақтөбеде 31 жастағы жүкті келіншек перзентханада көз жұмды. Бұл соңғы жарты ай ішінде өңірде қайталанып отырған екінші жағдай.

Дәрігерлердің айтуынша, жүктіліктің 31-інші аптасында жүрген келіншек айтолғақпен перзентханаға өткен демалыс күні түскен. Бүйрегі мен бауырының жұмысы бұзылғаны анықталған. Салдарынан іштегі сәбидің жүрегі тоқтап қалған. Ақ халаттылар әйелдің өзін де құтқару мүмкін болмағанын айтады. Оның бауыры іріп, түгелдей бүлінген.

Асхат Балықов, Облыстық перинаталдық орталық директоры:

Екі тәулік бойы бақыланды. Екі тәуліктен кейін «хэлп» синдромы фонында пациенттен уақытынан бұрын ажырау болды. Сол себепті операция жасалды. Бірақ өкінішке қарай, көрсетілген ем-шара нәтижесіз болды. Бала жатыр ішінде шетінеді.

Денсаулық сақтау саласының мамандары: «Әйел өлімінің нақты себебі гистологиялық сараптамадан соң ғана белгілі болады»,- дейді.

Жақсыбек КЕМАЛ


Хабарламаларға жазылу