Қазақстан-Британия іскерлік кеңесінің ІІІ отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан-Британия іскерлік кеңесінің ІІІ отырысы өтті

24.10.2019

Ұлыбритания - Қазақстан үшін негізгі стратегиялық және экономикалық серіктес. Лондонда өткен қазақстандық инвестициялық форум мен Қазақстан-Британия іскерлік кеңесінің ІІІ Пленарлық отырысының нәтижесінде екі елдің инвестиция саласындағы қарым-қатынасы енді жаңа деңгейде өрбімек. 

Отырыс пен форумның кестесі тығыз. Басты мақсат - бір күн ішінде 4 сессия барысында Қазақстанда бизнес жүргізу, инвестиция кұю тәжірибесі және саланың болашақ мүмкіндіктері жайлы маңызды ақпаратпен әлеуетті инвесторларды қамтамасыз ету. Айта кету керек, іс-шара қатысушылары тек келісімсөздер жүргізіп қана қоймай, нақты шешімдер қабылдады. Мысалы, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Da Vinci Capital» инвестициялық компаниясы 100 млн АҚШ долларды құрайтын тікелей инвестициялар қорын құру туралы келісімге келді. Бұдан бөлік Түркістан арнайы экономикалық аймағы «fDi» журналының «Global Free Zones of the Year» жүлдесінің үш номинациясында жеңімпаз атанғанын айрықша атап өткен жөн.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко бастаған қазақстандық тарап бірқатар компания және ұйымдардың басшылығымен нәтижелі екіжақтық кездесулер өткізіп, қорытындысында екі меморандумға қол қойылды.

Риза Агэн, «Гап Иншаат» компаниясы бас директорының қаржы жөніндегі орынбасары:

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен біздің компания Ақтау қаласында 350 орындық аурухана салу жобасы мемомарандумына қол қойды. Бұл біздің компания үшін Қазақстан жеріндегі алғашқы жобамыз болмақ және бұл келісім екі тарапқа да тиімді.

Индира Бектенова, тілші:

Еуропа мен Азия тоғысында орналасқан Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы жылдан-жылға артып келеді. Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтінгінде Қазақстан 190 елдің арасынан әзірге 28-ші орында. Алдағы жылдары бұл көрсеткіш жақсартылады деп күтілуде.

Индира Бектенова

Хабарламаларға жазылу