Қостанайда «Кировец» тракторларын шығаратын зауыт іске қосылды. Желіден алғаш шыққан қуатты көлікті Үкімет басшысы Асқар Мамин өзі мініп көріп, сынақтан өткізді. Жаңа өндіріс орны жылына 500 алып техниканы құрастыруға қауқарлы.
Өндірістік аумақтан бой көтерген жаңа кәсіпорын аграрлық саланы дамыту үшін маңызды. Еліміздегі ауылшаруашылығы құрылымдарынан жыл сайын 1600 тракторға сұраныс түседі. Қостанайлық зауыт соның үштен бірін өтей алады. Бүгін отандық өнімнің сапасын Премьер-Министрдің өзі сынап көрді.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
Қазақстан жоғары технологиялы ауылшаруашылық техникаларын шығаруды мақсат етіп отыр. Бұл зауыт еліміздің ауылшараушылығын сапалы да, сенімді техникамен қамтамасыз етеді. Жаңа жоба машина жасау саласын дамыту стратегиясына толық сай. Кәсіпорынға Үкімет барынша қолдау көрсетіледі.
Болашақта «Кировецтің» кейбір бөлшектерін осы кәсіпорын өзінде жасау жоспарда бар. Бұған байланысты Петербург трактор зауытымен екі жақты келісімге қол қойылды.
Үй құрылыс комбинаты бес жыл бұрын мемлекеттік бағдарламамен салынған. Мұнда өндірілетін дайын панелді қабырғалар құрылысқа жеңіл. Тіпті есік, терезесін де түгендеп береді. Осы аралықта комбинат күшімен өңірде 35 мың шаршы метр тұрғын үй түрғызылған.
Владимир Анненко, Тұрғын үй құрылыс комбинатының директоры:
Завод «Нұрлы жер» бағдарламасына белсенді түрде қатысады. «Әуежай» шағын ауданында бүтін бір тұрғын үй кешенін салып шықтық. Келер жылы «Қонай», «Береке» шағын аудандарында 16, 12 қабатты үйлердің құрылысын бастаймыз деп отырмыз.
Қостанайдағы жеңіл өнеркәсіптің жайы да Үкімет басшысының назарынан тыс қалған жоқ. Сексен жылдық тарихы бар «Большевичка» тігін фабрикасы бүгінде әскерилердің, күш құрылымдарының, жекелеген кәсіпорындардың тапсырысын орындайды. Үкімет фабриканы жаңғырту жұмыстарына қолдау көрсетпек.
Дәуренбек ӘБДІБЕК