«Жусан» операциясы бойынша Сириядан оралған 14 отандасымызға қатысты сот отырысы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Жусан» операциясы бойынша Сириядан оралған 14 отандасымызға қатысты сот отырысы басталды

22.10.2019

Бүгін Елордада Сириядан қайтарылғандарға қатысты сот процесі басталды. ДАИШ құрамында қарулы қақтығыстарға қатысқандар елге «Жусан» операциясы барысында әкелінген. Алғашқы тыңдалым Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің 166/10 мекемесінде өтті. Бұған дейін Қазақстанда тыйым салынған халықаралық террористік ұйымға мүше болды деген айыппен 15 адам сотталған болатын.

Саламат Омаш, тілші:

Бүгінгі алғашқы сот процесі 14 адамға қатысты өтті. Бір айыпталушы жарақатына байланысты сот залына келген жоқ. Сотталушыларға қатысты іс-материалдары тоқсан томнан асады. Оларға негізінен террорлық әрекетке қатысу, діни алауыздық туғызу және терроризмді насихаттау бойынша айыптар тағылып отыр. Алайда сотталушылардың басым бөлігі айыптардың кейбірімен келіспейтіндерін айтты.

Әділхан Шайхисламов төрағалық еткен сот процесінің алғашқы күні ашық өтті. 14 айыпталушының ең кішісі 22, ең үлкені 50 жаста. Сотталушылардың барлығы да Сириядағы соғысқа қатысқандар. Алайда ауыр қылмыс жасады деп айыпталғандар өздерін сабырлы ұстап, құқықтары мен міндеттерін үнсіз тыңдады. Тек судья сөз бергенде ғана тағылған айыпқа толық келіспейтіндерін жеткізді. Солардың бірі — соғыс ошағына әкесімен бірге аттанған Абзал Амангелді.

Абзал Амангелді, айыпталушы:

Мен мына кодекспен келіспеймін. Әкем айтқаннан кейін келістім. Ашық сот болмайды деген.

Айыпталушылардың басым бөлігі ДАИШ құрамына өз еркімен кеткендер. Көбісі Сирияға Стамбул арқылы жеткен. Елге оралғандардың қатарында соғыс тактикасы жөніндегі жаттықтырушы, Сириядағы қазақстандық топтың тырнақшаның ішінде «әмірі», әлеуметтік желіде діни үгіт-насихат жүргізгендер бар. Сотталушылардың кейбірі процеске туыстарын шақыруды сұрап жатты.

Жандос Ажмамбетов, айыпталушы:

Кей жерлерімен келіспеймін... Өтінішім ата-анам осы жерге келгенін қалаймын.

-Олар хабар естімеген ба?

–Естімеген болып тұр. Естісе келер еді олар. Қатысқанын қалаймын.

Әділхан Шайхисламов, Нұр-Сұлтан қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы:

Бізде ашық сот. Сол себепті ата-ана, туысқандары мұмкіндігі, жағдайы бар. Солар келсе, жақсы сотқа.

Ал сот процесіне келген айыпталушылардың ата-аналары мен туыстары көздеріне жас алып кетті. Сотталушы Ермұхан Айыпқалиев қарулы қақтығыста омыртқасынан жарақаттанған. Сотқа келмеген жалғыз айыпталушы.

Ермұхан Айыпқалиевтың туысы:

Мен барлық жерге жаздым, Нұр-Отанға да жаздым. Адам қандай қателік жасаса да, медициналық көмек болуы керек қой. Кінәсін мойындап отыр. Қазір денесінің жетпіс проценті істемейді.

Бүгін айыпталушылар жартылай ғана кәніларын мойындады. Сот процесі ауқымдылығына байланысты ұзаққа созылмақ. Айта кетейік, осы уақытқа дейін «Жусан» арнайы операциясы арқылы 595 Қазақстан азаматы Сириядан шығарылды. Олардың арасында 400-ден аса бала бар. Елге қайтарылғандардың 49-ы сотталып, біразы бейімделу орталықтарында болды. Қазіргі таңда олардың кейбірімен арнайы жұмыстар жүргізіліп жатыр.

 Саламат ОМАШ


Хабарламаларға жазылу