Ақтөбеде қайта жаңғырту бағдарламасы бойынша жөнделген үйлердің тұрғындары қаржы төлеуден бас тартып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде қайта жаңғырту бағдарламасы бойынша жөнделген үйлердің тұрғындары қаржы төлеуден бас тартып отыр

21.10.2019

Ақтөбеде терможаңғырту бағдарламасы арқылы жөндеуден өткен үйдің тұрғындары шу шығарды.

Айтуларынша, баспаналарының сылақтары түсіп, құбырлары жарылып жатыр. «Көбі жүрдім-бардым жасалған жұмыс үшін 15 жыл бойы жүз мыңдаған қаржыны төлей алмаймыз»,- дейді.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Тұрғындар жөндеу жұмыстарының сапасыз жүргізілгеніне ашулы. Мәселен, мына қабырғалар үш-төрт ай бұрын ғана сыланған. Міне, өздеріңіз көріп тұрсыздар, қайта қабыршақтанып, құлап жатыр. Одан бөлек, құбырлардан су ағып тұр.

Мәдина Қалиева коммуналдық мекемеге 700 мың теңгеден астам қарыз. Алайда ондай қаржыны мүгедектігі бар зейнеткердің қалтасы көтермейді. «Оның үстіне, құрылысшылар менің пәтеріме бір шеге қаққан жоқ », - деп ашынады.

Мәдина Қалиева, зейнеткер:

Дым да істемеген. Ешқандай. Бір қағаз да жапсырмаған. Балконы бар, соған терезе де салмаған. 700 мың теңге деп сотқа беріпті. Мен төлемеймін. 1 тиын да төлемеймін.

«Бұл жатақханада 80 пәтер бар. Тұрғындар басқа барар жеріміз болмағасын амалсыз паналап отырмыз»,- дейді. Олар әсіресе, кәріз жүйесінің сапасыз жасалғанына наразы. Одан бөлек, әр қабат сайын қойылған есіктер ашылып-жабылмайды.

Зәуре Итеғұлова, тұрғын:

Не істеді? Мынаны сылады, электр желілер жалғады. Мен оған 500 мың төлеуім керек? Су бармайды, біз шелектеп төгеміз. Құбырды алмастырған жоқ. Канализация бітеліп тұр.

Күнсұлу Дәлетқалиева, тұрғын:

Су ағып жатыр. Қалай болса, солай жасалған. Ақшаны не үшін алған? Ойдай ақша кетті ғой. Сол ақшаны қалай жұмсаған, мен түсінбеймін.

Ашулы тұрғындар о бастан жаңғырту жұмысын жүргізуге қарсы болған. Алайда мердігер мекеме басшылығы «Біз өз міндетімізді адал атқардық» деуден танбай отыр. Ережеге сай жөндеу жұмыстарын жүргізуге тұрғындардың 70 пайызы келісім бергенін айтады.

Сүлеймен Ахметбеков, мердігер компанияның басшысы:

Қаншама иістің бәрін, қаншама бейнеттеніп жасап бердік. Оның ішінде біреудің сыртынан жамандауға құқым жоқ, бірақ, тұрғындардың менталитеті өспей қалған.

Коммуналдық мекеме өкілдерінің айтуынша, жаңғырту жұмыстарына 37 миллион теңге шамасында қаржы бөлінген. Жөндеу біткен соң комиссия оны қабылдап алған. Қазір тұрғындармен келісім-шарттарға қол қойылуда.

Ұлжан Тәжібай, «Табыс-Ақтөбе» серіктестігінің бөлім басшысы:

Төлемегендер бойынша, келісім бойынша сотқа беріледі. Жөндеу жұмыстары біткеннен кейін тұрғындар көңілі толмаса, бізге келіп, өтініш жазуға болады. Сол бойынша біз қараймыз.

«Жөндеу жұмыстары үшін ақы төлеуге қарсы тұрғындар енді құзырлы орындарға шағымданамыз»,- дейді. Ал құрылыс барысында кеткен олқылықтарды келісім бойынша үш жыл ішінде мердігер мекеме қайта қалпына келтіруі тиіс.

Жақсыбек КЕМАЛ


Хабарламаларға жазылу