Жезқазған қаласында инфрақұрылым желілерінің 70 пайызы тозған. Әбден ескірген құбырлар, тіпті адам өміріне қауіпті. Апатты күйдегі осындай жылу құбыры дәл мектептің жанында орналасқан. Шіріп тозған жылу құбырының маңынан бала-шаға жанын шүберекке түйіп өтеді. Жылдар бойы қараусыз жатқан магистральді жөндейтін жауапты мекеме жоқ. Оның үстіне маңайдағы жер үйлер де дәл осы торапқа заңсыз қосылып алған. Қалада қараусыз жатқан ауыз су құбырлары да жетерлік. Онсыз да тіршілік нәрінің әр тамшысы қымбат қалада су рәсуа болып, далаға ағып жатыр.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
Әбден шіріп тозған құбырлар кез келген уақытта жарылуы мүмкін. Мәселен, мына жылу құбыры дәл мектеп ауласынан шығар есіктің аузында. Егер бұл жарылар болса қайнаған судан келер қатер айтпаса да түсінікті.
Ұзындығы 500 метрге жуық құбыр осындай ашық-шашық күйде жылдар бойы қараусыз жатыр. Ақау шықса маңайдағы тұрғын үйлерде жылу болмай, елден береке қашады. Ал ең қауіптісі, мектепке баратын балалар дәл осы құбырдың жанынан күнде өтеді. Тұрғындардың шағымданып бармаған жері жоқ. Бірақ мәселе шешілмеді.
Қызғалдақ Қадірсізова, Жезқазған қаласының тұрғыны:
Қыс бойы тура осы жерде үйіміздің жаны болған соң су алады, көшені су алады. Төтенше жағдайға байланысты мамандарды шақыртамыз...
Қаладағы ауыз су құбырларының 70 пайызы ескерген. Мәселен, бұл Бөкейханов көшесіндегі №7 үй. 8 жыл бұрын көшіп келген Жасұлан Малгелдин қысы-жазы орталық құбырдан жер астымен аққан судың зардабын тартып-ақ келеді.
Толассыз аққан су үйдің жертөлесін түгел алып, едендер көтеріліп кеткен. Баспананың іргетасы шөгіп, қабырғалары жарылған.
Жасұлан Малгелдин, Жезқазған қаласының тұрғыны:
Сол жердің асытнан өтіп, мына менің үйімнің астынан шығып жатыр. ПТВС-қа, әкімшілікке айтсақ, олар: «Жердің бетіне шықпай біз оған жауап бермейміз»,- дейді. Бірақ 1-2 күн су болмаса, қалада мына судың тереңдігі түсіп кетеді.
Қаладағы қараусыз қалған жылу мен ауыз су құбырлары белгілі бір мекеменің қарамағына дер кезінде өтпеген. Соның кесірінен коммуналдық саладағы проблема қазір әбден ушығып тұр. Осы уақытқа дейін иессіз қалған инфрақұрылымдық желілердің техникалық құжатын рәсімдеу үшін қаражат болмаған. Жергілікті билік бұл шаруаны енді ғана қолға алып жатыр.
Болат Аманбаев, Жезқазған қаласы «Сумен, жылумен жабдықтау кәсіпорны» АҚ директоры:
№ 9 мектептің жанындағы диаметрі 159 мм құбырды жақын арада толықтай жаңалайтын боламыз. Әзірге ол құбыр біздің қарамағымызда емес. Қазір оны біздің мекемеге өткізу бойынша жұмыстар қолға алынды.
Қуанышбек Сансызбаев, Жезқазған қаласы ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
Жаңағы Бекболатсай, Қостангеліді ықшам аудандарының бүкіл жылу тораптары, мұздай судың құбырларын балансқа алу туралы шешім қабылданды. Енді осы шамалы күнде ол құбырларды ПТВС-қа өткізу туралы қаулы әкімшілікте қабылданды.
Қабылданған қаулы аясында қараусыз жатқан құбырларға ресми жауапты мекеме айқындалады. Міне, сол кезде коммуналдық саладағы олқылықтың зардабын тартқан Жасұлан сынды мыңдаған тұрғынның мәселесі түбегейлі шешілмек.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ