Еуропаны мойындатқан қазақ хоккейшісі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропаны мойындатқан қазақ хоккейшісі

16.10.2019

Қазақ жігіті еуропалықтарға хоккей үйретіп жүр. Допты хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Ескендір Нұғымановпен Норвегиялық клуб келісім-шарт бекітті. Енді Ескендір үш жыл бойы «Хёвик Банди» командасының намысын қорғайтын болады.

Ескендір Нұғыманов — допты хоккейден Қазақстан, Азиада чемпионы. Әлем чемпионатының қола жүлдегері. Оралдағы «Ақжайық» клубынан Қазақстан ұлттық құрамасына қабылданған мықты ойыншылардың бірі. Үздік шабуылшы халықаралық додаларда топ жарып, Қазақстанды әлемге танытып жүр.

Ескендір Нұғыманов, Допты хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы, Норвегияның «Хёвик Банди» клубының ойыншысы:

Әлем чемпионатында ойнап болып, жазда демалып жатқан кезімде допты хоккейден Норвегия құрамасының бас бапкері Игорь Прахт қоңырау шалып, осы жергілікті «Хёвик» клубына шақырды. Тәжірибемді шыңдайын деп үш жылға келісім-шартқа отырдық. Бірақ мен азаматтық ауыстырмаймын. Мұнда тек уақытша тұрамын. Себебі мен өзіміздің ұлттық құраманың ойыншысымын.

Норвегиялық бапкерлерді айдын бетінде құйындай жүйткіп, қарсыластар қақпасына қақырата гол соғатын қазақ шабуылшысының шеберлігі тәнті етіпті.

Кристиан Галтунг, бапкер:

Біз үшін допты хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысымен бірге жұмыс істеу үлкен құрмет. Ескендір-керемет адам. Оның балалармен тіл табысуы, жұмыс істеуі қатты ұнайды. Ойнау тәсілі де ерекше. Ешкімге ұқсамайды. Қазір ол біздің отбасымыздың бір мүшесі болып кетті.

Ескендір норвегиялық клубтың белді шабуылшысы ғана емес, білікті бапкері. Команданың юниорларын жаттықтырады. Допқа таласта тиімді тәсіл қолданып, темірдей тәртіпті ұстанатын қазақтың хас шеберінен тәлім алсам деушілер көп қазір.

Ескендір Нұғыманов, Допты хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы, Норвегияның «Хёвик Банди» клубының ойыншысы:

Мұндағы балалардың допты хоккей ойнауға ынтасы зор. Ата-аналары балаларының жаттығуларына қатысып, барынша қолдау көрсетеді. Біздің елде де кішкентай хоккейшілерге дәл осындай қарым-қатынас болғанын қалаймын. Қазақстанда допты хоккейден тек бір емес, 10 шақты кәсіби команда болуы керек. Сонда олар алысқа бармай-ақ, өз еліміздегі жарыстарда өзара бақ сынасып, дамиды.

«Сонан соң, елде жабық мұз айдындарын көптеп салу керек», -дейді спорт шебері. Жат жерде қазақтың абыройын асқақтатып жүрген Ескендірдің арманы — Норвегияда жинаған тәжірибесін ел игілігіне жаратып, допты хоккейді дамытуға бар күш-жігерін салу.

Нұрсұлу ҚАСЫМ


Хабарламаларға жазылу