Қаладағы кәсіпкерлік субьектілер атаулары латын қарпімен жазыла бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаладағы кәсіпкерлік субьектілер атаулары латын қарпімен жазыла бастады

14.10.2019

Елімізде ғимараттардың атаулары жазылған маңдайшалар жаппай латын қарпіне ауыстырылып жатыр. Бір қызығы, кәсіпкерлерді мұндай қадамға ешкім міндеттемейді, олар жаңа әліпбиімізді өз еркімен насихаттап жүр. Кейбірі латын графикасы дизайнға ыңғайлы келеді, әрлегенге әдемі десе, енді бірі қазақ тілі мәртебесінің асқақтағанын қалайды.

Ақсара Абдоллақызы жеке медициналық кабинетін бірер ай бұрын ғана ашты. Орталықты жоғары технологиялы құралдармен жабдықтап, атауын қоярда біраз ойланған. Ақырында маңдайшаны латын қарпімен жазамыз деп шешті.

Ақсара Абдоллақызы, Медицина орталығының меңгерушісі:

Бізге жаңа қаріп ұнайды. Медицинаға өте жақын әліпби. Және де өте әдемі көрінеді. Менің балам лор, екеуміз сондай шешімге келдік.

Ал елордадағы Til-Qazyna орталығына Ақсара сияқты кәсіпкерлерден күніне 4-5 хат келіп түседі екен. Барлығы мекеме атауының латынша дұрыс жазылуын тексертіп алуға ниетті.

Гүлфар Мамырбек, Ш.Шаяхметов атындағы Til-Qazyna Ұлттық ғылыми практикалық орталығы орфография басқармасының басшысы:

Латынға деген қызығушылығы өте жоғары және ұлттық әліпбидің қабылданып жатқанына деген үлкен ризашылық бар. Соны мен байқадым, халықтың ортасында жүріп.

Жалпы, қалада ілінетін кез келген жарнама жергілікті атқарушы органмен келісілу керек. Мәселен, елордада 100 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі бар. Жыл басынан бері осы орталықтардың 3 мыңы атауын ауыстырған. Оның 25 пайызы маңдайшадағы жазуын латын қарпімен таңбалауды ұйғарыпты.

Сәкен Есіркеп, Қалалық тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары:

Қазіргі таңда үлкен тенденция байқалады. Жарнамалық мәтіндердің текстерін латын әріптерімен жазу бойынша көп ниет байқалады. Мемлекеттік органдардың ешқайсысы оларды міндеттеп жатқан жоқ. Өйткені арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылданған. Бағдарлама бойынша біз 2025 жылы ғана толық өтеміз.

Елбасы бастамасымен қолға алынған латын графикасын енгізу жөніндегі шаралар бүгінде қарқынды жүргізіліп жатыр. Мыңдаған мұғалім дайындалып, жаңа әліпбидің өмірімізге енуін насихаттап жүр. Ал қала көшелеріндегі атаулар мен түрлі жазулар саны күннен күнге артып келеді.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ, Жақсыбек КЕМАЛ


Хабарламаларға жазылу